#
#
Cәрсенбі 23/09/2020

Абайдың ата қонысы Жидебайдың бүгінгі келбеті

  • 10.08.2020
  • 0
  • 168

Жер кіндігі Жидебай дана Абайды кең даласының төсінде аунатып өсірген киелі мекен. Ұлы ақынның ұлы туындылары ұланғайыр атырапқа дәл осы жерден тарағаны рас. Хәкімнің тұрған үйі, қолданған заттары сақталған Жидебайдың бүгінгі келбеті қандай? Бұны Жидебайдағы Абай музей үйінің меңгерушісі Нұржан Байтөс таныстырды.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында орналасқан Жидебай Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан шұрайлы жер. Кезінде тобықты руының Жігітек атасы мекен еткен деседі. 19 ғасырдың орта тұсында Жидебайды аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы өз иелігіне алып, қыстау салдырған. Қазақтың бас ақыны Абай 1880 жылы мұнда медресе салдырыпты. Құнанбай дүниеден өткен соң Жидебайды хәкімнің інісі Оспан иемденген. 

 «Ал 1891 жылдан кейін қыстау Абайдың еншісінде болды. Қазір Еуразияның кіндігінде тұрған осы жерде ақынның музей үйі бар. Жылда Жидебайға еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек шетелден де меймандар келуде», - дейді Нұржан Байтөс. 

Бұл ақын өмірінің соңғы жылдары өткен қыстауы. Мұнда өз жобасымен арнайы қала мәдениеті үлгісінде салынған үйі орналасқан. Абай әмеңгері Еркежанмен осы Жидебайдағы қыстауында тұрған. 

«Көз алдарыңызда сол кездегі ет қақтайтын, сақтайтын орын. Бұл бөлмеде тұрмыста пайдаланатын келі, келсап, қол диірмен, күбі, ат әбзелдері, шаруашылық құралдары, аңшылық тақырыбындағы экспозиция қойылған», - дейді Нұржан Байтөс. 

Бұл бөлімде хакімнің Еркежанға сыйға тартқан күміс ертоқымы, Генерал-губернатор сыйға тартқан үш ауызды берен мылтығы, Құнанбай қажының тақиясы мен кісе белбеуі, Ұлжан ананың өз балаларын нәресте кезінде қырқынан шығарғанда пайдаланған жез легені мен қазмойын құманы бар. Қабырғадан ақын Абайдың 51 жаста ұлдары Ақылбай мен Тұрағұлдың ортасында отырып түскен фотосуретін көруге болады. 

«Бұл бөлмеде Абай пайдаланған тоғызқұмалақ, дойбы тақталары, шақшасы, есепшоты тұр. Бәйбішесі Ділдәнің жасауымен келген төсегі де осында», - деп түсіндірді музей-үйінің жетекшісі. 

Осында бутартпа пеші, самауырлар қойылған. Үлкен самауыр ақынның 125 жылдық мерейтойына музейге сыйға беріліпті. 

«Абай, Шәкәрім кесенелері 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай салынған. Сарыарқа төсімен жүзіп келе жатқан алып кеме тәрізді. Идеяның авторы, бас архитекторы Бек Ибраев, салушы құрылысшы Сайын Назарбек. Бұл жерде Абай кенже інісі Оспанмен, Шәкәрім қажы ұлы Ахатпен және Оспанның бәйбішесі Еркежан жерленген мазарлар кешені орналасқан», - дейді Нұржан Байтөс. 

Кешен ортасында грек архитектурасы үлгісінде амфитеатр салынған. Мұнда жыл сайын республикалық Абай-Шәкәрім оқулары өтеді.

ҚазАқпарат

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар