03 қыр, 2021 сағат 12:10

Абайды аударған британ ақындары II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды


Атақты британдық ақындар Шон О’Брайен мен Джон Бернсайд II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марапат Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушысы Абай Құнанбайұлының мұрасын халықаралық аренада ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін берілді.

Екі ақын Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағын Кембридж университеті баспасында дайындап, басу жобасына тікелей қатысты. «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-мен (ҰАБ) серіктестікте жүзеге асырылған жоба шеңберінде танымал британдық ақын профессор Ш.О’Брайен Абай поэзиясының аудармасын дайындады, ал қара сөздерді тәржімалау міндеті белгілі шотланд жазушысы және ақыны профессор Дж.Бернсайдқа жүктелді. Ағылшын тіліндегі басылым – аты аңызға айналған қазақ ақынының шығармаларын әлемнің он тілінде жариялау жөніндегі ҰАБ-ның ауқымды жобасының бір бөлігі.

Ордендерді табыстау рәсімінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында жоғары наградаларды тапсырудың символдық мәні бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ профессорлар Дж.Бернсайд пен Ш.О’Брайенның жаһандық ағылшынтілді аудитория арасында ұлы Абайдың мұрасын танымал етуге және екі ел мәдениеттерін өзара жақындастыру ісіне қосқан зор үлестерін атап өтті.

Айта кеткен жөн, профессор Шон О’Брайен – британдық ақын, сыншы, драматург, тележүргізуші, жазушы, редактор, Ньюкасл университетінің шығармашылық жазудың бұрынғы профессоры. Оның марапаттарына Т.С.Элиот сыйлығы, «Forward Prize», Сомерсет Моэм сыйлығы және басқалар кіреді. «Гардиан», «Индепендент» және «Таймс» газеттерінде мақалалар жариялаған.

Ал профессор Джон Бернсайд – шотланд ақыны және жазушысы, Сент-Эндрюс университетінің ағылшын тілі профессоры. Поэзия мен прозаның бірқатар жинақтарын жариялаған, телехикаялар мен радио шоуларға арналған сценарийлердің авторы. Т.С.Элиот, «Forward Prize», О.Генри сыйлықтарының және басқа да көптеген марапаттардың лауреаты. Оның шығармаларының аудармалары Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Нидерланд, ҚХР, Индонезия, Хорватия, Бразилия және Аргентинада басылған.