13 мау, 2019 сағат 09:58

Абай жазған Қарамола жарғысының түпнұсқасы табылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қызметкерлерінің ғылыми іссапары барысында Қазан қаласынан құнды қазына табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл - 1885 жылы Абай Құнанбайұлы төбе би болған Қарамола съезінде қабылданған жарғының 1886 жылы Қазан қаласынан шыққан басылымы. «Қарамола жарғысы» ХІХ ғасырдағы адам құқықтарының сақталуы мен бостандығы хақында Абайдың өзі құрастырып шығарған, халық арасына кең таралған ережелердің бірі. Бұл құжаттың қабылдануы мен ел арасына таралуы туралы деректер мен естеліктер өте көп. Қазіргі графикаға аударылған нұсқасы біраз уақыттан бері белгілі болса да, басылымның түпнұсқасы немесе көшірмесі беймәлім болатын», - делінген қорық-музейдің хабарламасында.

Бұл басылымды 1959 жылы ҚР Ғылым Академиясының қызметкері, ғалым Қарта Қаңтарбайұлы Қазан қаласынан тауып, аудармасын ғана жасап алған. Осы аударманың машинкада терілген нұсқасы музей қорында сақтаулы.


«Абай музейінде талай жыл қызмет атқарған Мұздыбай Бейсенбайұлы 1984 жылы Қазан қаласына барып қайтқан сапарында аталған жарғыны көргенін жазған. Алайда еліміздегі кітапханалар мен музей қорларында осы күнге дейін Қазан қаласында басылған Қарамола жарғысының бірде-бір көшірмесі болмаған. Хакім Абайдың бастамасымен қабылданған «Қарамола жарғысы» қадым жазуымен Қазан қаласындағы Императорлық университеттің баспаханасынан 1886 жылы Семей облыстық әскери губернаторының өкімі бойынша жарық көрген», - делінген хабарламада.

Табылған құнды құжат осы уақытқа дейін белгілі аудармаларды түпнұсқамен салыстыруға және жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, өткен айда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын.