14 қар, 2024 сағат 10:32

Абай Ұлттық Мектебі жаңа ғимаратының алғашқы қазығы қағылды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысы басталды, деп хабарлайды Ult.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Семей өңірінде абайтанушы ғалымдармен кездесуінде Абай атындағы республикалық мектеп-интернатын заманауи талапқа сай жетілдіріп, ең үздік білім ордасына айналдыру, гуманитарлық саланы дамыту, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға баса мән беру туралы тапсырма берген болатын.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Осы мақсатта бүгінгі таңда Абай атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатын «Абай ұлттық мектебіне» трансформациялау тұжырымдамасы жасалуда. Сондай-ақ Президент бастамасымен елімізде гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытатын Абай атындағы мектептер мен мектеп-интернаттар желісі дамуда.

Құрылысы басталған жаңа ғимарат нысаны 900 оқушы орнына арналған. Оның инфрақұрылымында мектеп-пансион, мұғалімдер үйі, кітапхана, ABAY-arena спорт кешені, жылыжай аумақтары және тағы басқа құрылыс нысандары қарастырылған. 

Білім ұйымын 2025 жылы қыркүйектен бастап қолданысқа беру жоспарланған.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жаңа ғимараттың  алғашқы қазығын қағу рәсімінде сөз сөйлеген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай ұлттық мектебінің болашақта  барлық мектептің көшін бастайтын үлгілі білім ошағына айналатынына сенім білдірді.

«Мемлекет басшысы ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруді, бұл бағытта бірыңғай ұстаным әзірлеуді тапсырды. Абай мектептері желісі үшін біртұтас «ABAY-Programme» бағдарламасын әзірлеу қолға алынды. Республикалық Абай мектебін трансформациялау арқылы біз тіл мен әдебиетті тереңдетіп оқытып қана қоймай, еліміздің болашақ интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға қадам жасаймыз», - деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.