Фото: Akorda.kz
Абай облысындағы өрттен қаза тапқан 14 орманшының ішіндегі қыршын кеткеннің бірі - Серікжан Тоқтасын. Ол Орман шаруашылығы мамандығы бойынша білім алып, "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты Новошульба филиалында бес жылдан бері қызмет атқарған, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы
Өртпен күрес кезінде көз жұмған орманды қорғау жөніндегі инженер Бородулиха ауданы, Боровлянка ауылында ата-анасымен бірге тұрған. Баласының суретін құшақтап жылаған анасы Дамелі Қабимолдайқызы "қазір келеді, келеді ұлым" деген үмітпен әлі де баласының жоғына сене алмай көз жасы тыя алмай отыр.
Серікжан Тоқтасынның әкесі Бақытжан Жұмаділовтің айтуынша, "Новошульба" орман шаруашылығының басшылары ұлын ешбір қорғаныш киімсіз өрт болған аумаққа жіберген.
"Сағат 19:00-де қызметкердің бәрін жинап, 45 километр жердегі өрт болып жатқан аймаққа жібереді. Сағат 21:00-де да қалың өрттің ортасына қолдарына күрек беріп, кіргізіп жіберген. Күндіз басталған өртті басшылық бақыламаған. Әбден ушыққаннан кейін ауыл-аймаққа енуінен қорқып, "Новошульба" орман шаруашылығы қорғауы керек деп асығыс-үсігіс аттандырып жіберген. Менің балам ескі "Нивамен", басқалары біреудің жекеменшік УАЗ-ымен барған" - деді ұлынан айырылып қабырғасы қайысқан әке.
Марқұмның әкесі баласының үстінде қорғаныш киімі де болмағанын айтты.
"Қорғаныш киімдері газдан қорғайтын құрылғыларымен бірге орман шаруашылығының қоймаларында жатады. Тек бір ғана өрт сөндіру көлігі барған. Ол орман қорғау жөніндегі инженері қызметін атқарғандықтан, орталық офисте отырып, кімнің қайда баруын рациямен айтып, басқаруы керек еді. Баламды директор мен оның орынбасары "сен сол жерге баруың керек" деп жібере салған. Ал өздері "біздің денсаулығымыз жоқ, орманның ішінде жүре алмаймыз" деген, - деді Бақытжан Жұмаділов.
Ол баласының мәйітін екі күннен бері сараптамадан ала алмай жүргенін айтты.
"Олардың айтуынша, алдымен балам уланған. Содан кейін денесін өрт шарпыған. Денесін тану мүмкін емес. Жерлей алмай отырмыз. Енді ДНҚ нәтижесіне байланысты белгілі болады деп отыр. Оның қашан шығатыны тағы белгісіз", - деп ашынды әкесі.
Серікжанның жалақысы небәрі 80-100 мың теңге ғана болған.
"Жалақысы алғашында 80 мың теңге болған еді. Қазір 100 мыңға жуық алатын. Оқуын бітіріп келгеннен кейін осы жерде бес жыл инженер болып жұмыс істеген. Содан кейін "жалақым аз" деп Павлодарға жұмыс істеуге кетіп қалған. Ол жерде зауытта жұмыс істеп, жап-жақсы 200 мың теңге жалақы алып жүрген. Біз зейнеттеміз. Шешесінің жүрек ауруы бар еді. Арасында қысылып, демала алмай қалатын. Ұлымнан басқа үш қызым тұрмыста, басқа жақта тұрады. Сол себепті үйде бір-бірімізге көмектесіп әзер жүргеннен баламды бір жарым ай бұрын елге шақырып алғанмын", - деп күңіренді марқұмның әкесі.