ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстанның Эстониядағы елшілігі «Абай Құнанбайұлы және әлем мәдениеті» атты бейнеконференция өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бейнекездесуде эстониялық жазушы, әдебиеттанушы Рейн Вейдеман «Абай жолын» түпнұсқадан қайта аудару қажеттігін айтты.
«Абайды айтқанда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы еске түседі. Бұл роман эстон тіліне алғаш рет 1950 жылы аударылған еді. Бірақ мұндағы аударма орыс тілі арқылы жасалды. Оның себебі де түсінікті. Екінші рет 1960 жылы аударма жасалды. Енді «Абай жолын» түпнұсқадан қайта аудару қажет. Абайдың рөлін айтар болсақ, ол XIX ғасырдың соңында көптеген халықтың өз тілі мен ұлтына негізделе бастағ,анда өмір сүрді. Абай әлем мәдениетінің көпірі болды, бұл бізге ұлттық мәдениет пен әдебиетті ашық түрде ғана дамыта алатынымызды көрсетеді», - деп пікір білдірді Р. Вейдеман.
Эстониядағы Жазушылар одағының төрағасы Тийт Алексеев екі ел арасындағы әдеби байланысты нығайту қажеттігін айтты.
«Қазақстандағы барлық авторлар мен аудармашыларды, әдебиеттанушыларды және оқырмандарды Абайдың мерейтойымен құттықтаймын. Абай туралы эстон тілінде де оқып-білуге болады. Бұл – ортақ қуаныш. Қос мемлекеттің тарихы мен әдебиеті жөнінде аса көп хабардар емеспіз. Бірақ біздің ортақ тарихымыз бар, бұл ортақ тарих жағымды болмаса да, екі ел арасындағы, қос мәдениет пен әдебиет арасындағы көпір бола алады деп есептеймін. Мұндай достыққа барлық заманда аудармалар, аудармашылар, авторлардың жеке қарым-қатынастары ықпал етіп отырған. Алдағы уақытта да екі ел шығармалары туралы аудармалар жарық көреді деп үміттенемін», - деді Т. Алексеев.
Өз кезегінде Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева Абай туындыларының әлемнің 44 тіліне аударылғанын атап өтті.
«Абай әлемнің 44 тіліне аударылды және 10 тілде тұтас дерлік шығармалары қамтылды. Бұл жұмыстармен Ұлттық аударма орталығы айналысады. Мұнда аударманың сапасына айрықша мән беріледі. Автордың жан дүниесін толық ашып көрсету үшін әрине, нағыз әдебиетшілер қажет. Біз Эстонияның Жазушылар одағына Абайдың орыс, ағылшын тілдеріндегі кітаптарын жіберуді жоспарлап отырмыз. Оған Эстонияғы Қазақстан елшілігі көмектеседі деп ойлаймыз», - деді Ү. Мұңалбаева.
Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы эстон ақындарының туындыларын аудару жөнінде ұсыныс жасады.
«Эстон әдебиетімен қазақ оқырмандары Кеңес заманында өте жақсы таныс болған. Біздің қазақ ақын-жазушылары эстон жазушыларының шығармаларын, әңгіме-повестерін аударған. 80-жылы Жалын баспасынан «Эстон әңгімелері» жарық көрді, онда эстониялық біраз автор енген – Тоомас Винт, Пауль Куусберг, Мари Саат, Реин Салури, Владимир Брагин шығармалары қазақ тіліне аударылған және эстонның тамаша жазушысы П. Куусбергтің «Жауын тамшылары» романы 1983 жылы шыққан. Өкінішке қарай, кейінгі уақытта эстон мен қазақ әдебиеті арасындағы байланыс сәл саябырлап қалды. Біз қазір якут поэзиясының, әзербайжан поэзиясының антологиясын дайындап жатырмыз. Егер елшілік эстон ақындарының антологиясын бізге дайындап берсе, еш ақысыз, әдебиетке деген махаббатпен аударма жасар едік. Осылайша екі ел арасындағы әдеби достықты нығайтуға болады», - деді Д. Кәпұлы.