ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «көк» мәртебелі тұрғындардың Нұр-Сұлтанда сауда, ойын-сауық орталықтарына кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл шешімнің өте қарапайым қисыны бар – сауда орталықтары әсіресе мереке қарсаңында халық жиі баратын басты орынға айналады. Тиісінше, онда адамдар неғұрлым көп жүрсе, ауру жұғу ықтималдығы да айтарлықтай көлемді болады. Егер кей тұрғындар астаналық дәрігерлер қабылдаған шешіммен келіспесе, оны құқық пен бостандықтың бұзылуы десе, Австрияны мысал ете аламын. Онда 15 қарашадан бастап вакцина салмаған 2 млн азамат үшін локдаун басталды. Шектеу шаралары сақталмаса мың жарым еуро айыппұл салынады. Менің білуімше, мұндай шешім рождестволық мерекелер қарсаңында қарастырылып жатыр және Еуропаның басқа елдері де осылай жасауды ұйғарып отыр», - деп жауап берді Дәурен Абаев.
