ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бүгінгі кеңейтілген алқа мәжілісінде «Шалқар» радиосының журналисі Темірxан Момбекұлы министрге мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде ол кеңестер кезіндегі қазақ тілді басылымдарды ашудың машақатын еске алып, ақпарат саласындағы тілдік саясат проблемасын қозғады. Министр Абаев осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді.
«Ол күрделі мәселе екенін бәріміз жақсы білеміз. Экрандағы мәтін неге қазақша жазылмайды, баяндаманы неге шет тілде жасайды деп айтып жатырсыз. Ең алдымен Қазақстанның егемен ел болғанына тәуба ету керек. Бізде бәрі аман-есен, тыныш. Қазақтың саны көбейіп келеді. Балалардың 90 пайыздан астамы қазақ тілді мектептерге барып жатыр. Соған тәуба ету керек. Жаңа Петропавлдың атын ауыстыру туралы айтып отырсыз. Егер сіз дәл қазір сол жаққа барып, бәрімен жағаласып, шу шығарсаңыз, оның соңы не болады? Қаланың атауын ауыстырасыз, бірақ сол жерде жүрген адамдардың бәрін қазақ қыла алмайсыз ғой. Осы нәрсені түсіну керек», - деді Абаев.
Министрдің айтуынша, қазақтың бірнеше тілде сөйлей алатынына мақтану қажет. Осы орайда ол кешегі Универсиаданың жабылуында үш тілде сөз сөйлеген Үкімет басшысы мен Алматы қаласы әкімін мысал ретінде келтірді.
«Сондықтан үйдегі әңгімені сыртқа көп шығармау қажет. Жұмыс істеу керек. Мысалы, сіз «Шалқар» радиосының мықты журналисі болсаңыз, сапалы әрі қызықты бағдарлама жасаңыз. Оны мына жерде отырғандардың бәрі тыңдайды», - деп атап көрсетті министр.