23 сәу, 2020 сағат 19:38

Абаев Қазақстан мен Өзбекстандағы баспасөз бостандығын салыстырды

Осы аптада баспасөз бостандығының жыл сайынғы рейтингі жарияланды. Рейтинг бойынша еліміз 157-орында болса, Өзбекстан Қазақстаннан бір саты жоғары тұр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл тақырыпты өткен жылы да қозғаған едік. Мен жағдайы бізден төмен елдердің рейтингте қалай озып кететіні туралы мысал келтіргенмін. Мені дұрыс түсініңіздер, мен бұл жерде бізде бәрі мінсіз екенін, рейтингтің басында болуымыз керек екенін дәлелдемек емеспін. Рейтинг бойынша тұрған орнымыз - қазіргі шынайы өміріміздің көрінісі емес. Қазақстанда жұмыс істейтін көптеген шетелдік қор, үкіметтік емес ұйымдар осыны мойындайды», - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Ол біздің елде оншақты шетелдік тілші тіркелгенін айтты. 

«Шетелдік тілшілерге рейтингтің басында тұрған мемлекеттерге қарағанда, біздің елде кәсіби машығын жетілдіру әлдеқайда қолайлы екеніне сенімдімін. Өзбекстандық әріптестерге келер болсақ, ол жақтағы басшылық үлкен реформалар жасап жатыр. Әділдік болуы үшін айтайын: олар енгізген нәрсе мен халықаралық ұйымдар белгілеген нәрселер біздің елде бұрын жасалып қойған. Мысалы, Өзбекстанда БАҚ-ты тіркеу жеңілдетілген. Біздің мемлекетте БАҚ-ты тіркеу жеңілдетіліп қана қойған жоқ, ол онлайн форматта жүзеге асырылады. Мұның бәрі бізде 2012 жылдан бері іске асып келеді. Қазақстанның кез келген азаматы мұны істей алады», - дейді ол.

Оның айтуынша, елімізде БАҚ-ты тіркеуде рұқсат етілмейтін жалғыз жағдай – осы уақытқа дейін бар БАҚ-ты қайталау.

«Көп репортаж тікелей эфирде шығатыны айтылады. Біз үшін тікелей эфирде репортаж жасау – қалыпты жағдай. Мен телекөрермен үшін бір құпияны айтайын: Қазақстандағы барлық телеарнада жаңалықтар тікелей эфирде шығады. Мысалы, онда жемқорлық мәселесін көтерді. Бізде коррупцияға қарсы агенттік - еліміздегі ең негізгі жаңалық таратушылардың бірі. Өзбекстандағы әріптестердің еңбегіне ешқандай күмән келтірмеймін, бірақ бұл рейтингтің субъективтілігі қатты көрініп тұр», - дейді министр.