17 ақп, 2020 сағат 16:59

Абаев: Интернеттің бұғатталғанына ақпарат министрлігінің қатысы жоқ

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерге берген сұқбатында бірер күн бұрын интернет бұғатталғанына өзі басқаратын министрліктің қатысы болмағанын айтты.

Оның сөзінше, "интернеттің не үшін бұғатталғанын сол салаға құзыреті бар органнан сұрау керек. Ал, ақпарат және қоғамдық министрлігінің байланыс саласындағы құзыры осыдан бір жыл бұрын алынып қалған".

Алайда, министр интернетті бұғаттау және қайта қосумен қай министрлік немесе қандай мемлекеттік орган айналысатынын ашып айтпады.

Байланыс саласы бұрын ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты болған кезде де интернет жиі ажырайтыны байқалған және ол кезде Абаев техникалық ақаулар себеп болды деген болатын. Азаттық тілшісінің бұл туралы сауалына:

- Иә, ол кезде техникалық проблемалар болды, бұл жолы неден екенін білмеймін, - деп жауап берді.

Кеше, ақпанның 16-сына Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли "Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде (Германия) жұмыс сапарымен жүргенде Қазақстанның интернет желісіндегі ақау жайында хабардар болды. Мемлекет басшысы барлық ақпараттық ресурстардың жұмысын қалпына келтіруді тапсырды" деп жазды.

Ақпанның 14-15-іне Қазақстанда Google, Telegram, Youtube, Instagram сияқты кейбір желілердің жұмысы тежеліп, шетелдік сайттардың ашылуы қиындағаны байқалған болатын.

Азаттық