21 жел, 2017 сағат 12:51

Абаев Дариға Назарбаеваға: «Отау ТВ» желiсiнiң шығыны көп

Бүгiн Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаев «Отау ТВ» желiсiнiң шығыны көп екенiн айтты. Сондай-ақ, министр аталған цифрлық телевидениенiң сатылатыны туралы мәлiметтi жоққа шығарды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Отырыста сенатор Дариға Назарбаева Дәурен Абаевтан «Отау ТВ» спутниктiк телевидениесiне қатысты жағдайды сұрады.

«Жақында ғана бiздiң комитет «Отау ТВ» мәселесi бойынша сауал жолдады. Бiз әлi жауап алған жоқпыз. Сондықтан, менiңше, жауапты осы жерде өзiңiзден естiген дұрыс болар» - дедi Назарбаева Абаевқа.

Ал, министр «Отау ТВ»-мен байланысты барлық мәселелердiң мұқият зерттелгенiн айтты. Оның мәлiметiнше, 130-ға жуық арна, оның iшiнде танымал шетелдiк арналарды бiрiктiрген «Отау ТВ» желiсiнiң шығыны көп.

«Шетелдiк телеөнiмдер үшiн доллармен төлеу керек. Ал келiсiмшарттардың барлығы девальвацияға дейiн бекiтiлген. Қазiр 2016 жылдың нәтижесi бойынша «Қазтелерадионың» жалпы шығыны 500 млн теңгеге жеттi. Олардың 60-70% - «Отау ТВ» желiсiнiң ақылы контентi. Ал, ақылы контент 70 мың адамға жуықтайды», - дедi Дәурен Абаев.

Дегенмен, министр «Отау ТВ» пакеттерiн сату және беру мәселесi күн тәртiбiнде жоқ екенiн айтты.