Әлеуметтік желілер мен блогерлер бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілмейді. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Біз блогерлерді журналистерге немесе желілік басылымдарға теңестіруді ұсынған болатынбыз, алайда қоғамдастық қарсы пікір айтып, біз осы норманы алып тастадық. Менің ойымша, ешқандай да проблема жоқ. Бұдан бөлек, Қазақстанда тіркелген желілік басылымдар аталған заңнаманың нормаларымен реттеледі. Әлеуметтік желілердегі пабликтер заңмен реттелмейді. Қазіргі кезеңде біз бір ғана бағытты көріп отырмыз, яғни Қазақстан аумағында жарияланатын құқыққа қайшы контентті алып тастауы үшін аталған пабликтердің админдерімен, жетекшілерімен жұмыс істейміз», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір блогерлердің аудиториясы бірқатар қазақстандық БАҚ-қа қарағанда басымырақ. Сонымен қатар оларға мемлекеттік тапсырыс берілмейді.
Айта кетейік, заң жобасы аясында 4 кодекс пен 12 заң жобасына 200-ден астам түзетулер енігізу жоспарланып отыр.
«Ашық талқылаулардың арқасында заң жобасы маңызды ұсыныстармен толықтырылды»,-деді Абаев.