02 қар, 2020 сағат 18:25

«А» корпусы саяси қызметшілер санын 6 есе қысқартуға мүмкіндік берді - Жайылғанова

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «А» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне арналған арнайы курстардың жаңа бөлімі басталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Стратегия-2050: қалыптасқан мемлекеттің бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, 2013 жылы елімізде мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын іске асыруға жауапты кәсіби басқарушылардың жаңа тобы – «А» корпусы жасақталған еді. 

«Бұл саяси қызметшілердің санын 6 есеге – 3,2 мыңнан 538 адамға дейін қысқартуға және мемлекеттік қызметтің қазіргі үш сатылы моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Егер саяси корпус тиісті бір бағыт пен саланы дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындаса, «А» корпусы стратегиялық шешімдер қабылдау мен олардың орындалуы арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда «А» корпусының штаттық саны 84 адамды құрайды. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Болашақ көшбасшы мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі дағдарыстар мен іргелі өзгерістер дәуірінде туындап жатқанына» назар аударды. Сондықтан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, атап айтқанда, олардың құзыреттері мен кәсібилігін дамытуға көп көңіл бөледі», - деді МҚІА төрағасы Анар Жайылғанова.

Аталған курс үшінші рет ұйымдастырылып отыр және «А» корпусының оқуын түйіндейді. Бұл курстарда Конституциялық Кеңестің, Жоғары Соттың, Реформаларды стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттігінің, Есеп комитетітің және т.б. аппарат басшылары мен комитет төрағалары, жалпы саны 25 адам оқып жатыр. Оқыту барысында жобалық менеджмент, жұмыс процесінде туындайтын текетірестер, қаржы және фискалдық менеджмент, бизнес-үдерістер реинжинирингі, мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдерінің трансформациясы мәселелері қарастырылған.

Сонымен бірге, МҚІА төрағасы Анар Жайылғанова аталған курстар арқылы жаңа формация басшылары стратегиялық көшбасшылық, өзгерістерді басқару және тиімді коммуникациялар сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп, өз құзыреттерін дамытуға мүмкіндік алатынына сенім білдірді.

Арнайы курстар 21 қарашаға дейін жалғасады.