27 сәу, 2020 сағат 14:01

820 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған - ДСМ

Қазақстанда медициналық қызметкерлердің 30 пайызы немесе 820 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.

«Медициналық қызметкерлердің 30 пайызы немесе 820 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Әсіресе, орташа және кіші медициналық қызметкерлер көбірек ауырған. Бір қызығы, вирус жұқтырғандар арасында инфекциялық стационардың қызметкерлері аз» - деп атап өтті Сұлтанғазиев facebook желісінде өткен онлайн брифингте.

Министрлік өкілінің сөзінше, Қазақстанда инфекцияның тарауы 4,5-8 пайызды құрайды.

"Елде вирустың тарауы геометриялық прогрессиямен өсіп келе жатқан жоқ. Инфекцияның тарауы тұрақталып, болжағанымыздай өсіп келеді" деді ол.

Сонымен бірге, спикер инфекциялық стационарға қарағанда әдеттегі емхана мен аурухана қызметкерлерінің жиі ауыратынын айтты.

«Жұқпалы аурулар ауруханасында мамандар жеке қорғаныс құралдарымен жүреді және инфрақұрылымның өзі «таза» және «лас» аумақтарға бөлу мүмкіндік береді. Ал емханалар мен көпбейінді ауруханаларда мұндай бөлу қиынға соғады. Оның үстіне келушілер саны көп, олардан вирус жұқтыру ықтималдығы да артады. Тәулік бойы ғимараттағы медициналық мамандар ықтимал науқастармен бір ауаны жұтуға мәжбүр», - деді Т. Сұлтанғазиев.

27 сәуір 16.00-дегі мәліметке сай, Қазақстанда 2791 адамнан коронавирус анықталды. 696 адам дерттен айықты. 25 адам қайтыс болды. Министрліктің дерегінше, елде вирус жұқтырғандармен байланыста болған 47893 адам анықталып, олардың 98,5 пайызы оқшауланған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созды.