18 қар, 2022 сағат 17:42

8 жыл халықаралық іздеуде жүрген: Ресейде 71 жастағы қазақстандық әйел ұсталды

Фото:t.me/mediamvd

Ресейде 8 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 71 жастағы қазақстандық ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Маңғыстау облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Маңғыстау облысы ТЖД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қылмыскерді ұстау үшін көрші мемлекетке кеткен. Орлов облысындағы Ішкі істер министрлігі департаментіндегі әріптестерімен 16 қарашада күдіктіні ұстаған.

"Әйелге алаяқтық жасады деген айып тағылып, іздеу жарияланды. 2010 жылдың сәуірінде ол Мұнайлы ауданындағы жер телімін жалған құжат арқылы жәбірленушіге 1,5 миллион теңгеге сатып жіберген. Сол жылдың маусымында ол сол ауданда жалған құжатпен екінші учаскені 4,5 миллион теңгеге сатып жіберген", - деді Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері.

Тәртіп сақшылары мәліметінше, күдіктінің алаяқтық әрекетінен барлығы 74 адам зардап шеккен. Материалдық шығын 50 миллион теңгеден асады.

"Күдіктіні полицейлер РФ ІІМД Новосильск бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді ведомство өкілдері.