07 мау, 2023 сағат 11:23

8 жасар қыз өзін ұрлап әкеткен адамның не істегенін айтып берді – видео

Фото: inform.kz

Алматы облысы Қарғалы ауылындағы жағдайдың мән-жайы белгілі болды. 8 жастағы қыз оны ұрлап әкеткен ер адамның не істегенін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Белгісіз азамат қаршадай қызды алдымен қонақүйге апарған. Ол аздай, құшақтап, такси ішінде ерсі әрекетке барған. Мұның барлығын қыз анасына айтып беріпті. Ал бүгін қонақүй әкімшілігі «біз жөндеуге жабылдық, жұмыс істемейміз» деп отыр.

Желіге жүктелген бейнежазбадан бұрын күдікті жол бойындағы қонақүйге тоқтап, бөлме сұраған. Дүкенге барып, алаңдаулы қыздың көңілін де аулай бастаған.

«Нұр-Әли деген қонақүйге кірдік. Қонақүй қызметкеріне 2000 теңге беріп еді, ол "бұл ақша тек 1 сағатқа ғана жетеді" деп алмады. Кейін мені таксиде құшақтап, бетімнен сүйді. Маған оның бұл әрекеті ұнамады. Дүкенге тоқтап, тәтті сусын мен кәмпит таяқшасын алып берді. Жүргізуші ағайға айтуға қорықтым», – дейді қыз.


видео: "Алматы" телеарнасы

Жазғы лагерьге бара жатқан жеткіншекті жол бойында такси күтіп тұрған жерден алып кеткен. 36 жастағы күдікті жеткізіп тастаймын деп таксиге отырғызған көрінеді.

«Қыздың жалтаңдап тұрғанын байқадым. Ақырын қызбен сөйлесіп үйге алып кірдім. Екеуіміз қызға таласып қалдық. Артымнан қалмай жүріп алды», – деді куәгер Күләш Теңелбаева.

Перзентім құрбан бола жаздады деген анасы қазір дел-сал күйде. "Мұндай жағдайды бастан кешемін деп ойламадым" деп жылап отыр. Үнемі қызын әкесі жетектеп жолға шығарып салады екен, ал кейін такси әкетеді.

«Таңертең сағат 9.00-ге таман шығып кеткен. Содан жүрегім сезді ме, білмеймін, хабарласа бастадым. Әлі келмеді деді. Балалармен ойнап қалған шығар деп ойладым. Мұндай жағдайды ешкімнің басына тілемеймін. Осындай әрекетке барған адам ең ауыр жазасын алсын», – дейді қыздың анасы Римма Халмұратова.

«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша Жамбыл ауданы полиция бөліміне тіркелді. Жедел іздестіру барысында 1987 жылғы күдікті анықталып, ұсталды. Заңнамаға белгіленген тәртіппен ұсталған адам қамауға алынды», – деді ПД баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.

Күдікті қазір адам ұрлау фактісі бойынша тергеліп жатыр. Алайда жәбірленушінің анасы қызын зорлауға оқталған деп қорқады. Сондықтан тергеудің май-шаммен қаралғанын қалайды.