21 мам, 2021 сағат 11:27

8 мыңнан астам отбасы өрт қауіпсіздігі сақталмайтын үйлерде тұрып жатыр


Республика бойынша 8129 отбасы өрт қауіпсіздігі дұрыс сақталмаған үйлерде тұрып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жылдың І тоқсанында 2 990 төтенше жағдай мен оқиға тіркеліп, 354 адам зардап шекті, 171 адам қаза тапты. Материалдық шығын шамамен 593 млн теңгеге жетті. Өткен қыста жылыту кезеңі күрделі өтті. Жылыту кезеңі басталатын қараша-желтоқсан айларында біз тұрғын үй секторында алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Соның ішінде аулаларды аралау, нұсқаулықтар және жадынамалар тапсыру тұрақты ұйымдастырылады», - деген министр күзден бері сондай түсіндіру жұмыстары 2,4 миллионға жуық тұрғын үйді қамтығанын атады. 

«2019 жылдан бастап азаматтардың осы санатымен жұмыс істеуге әлеуметтік қорғау, білім беру және полиция органдарын тартып жүрміз. Есепте барлығы 118 959 отбасы бар. Оларды екі қайтара аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 8 129 отбасы өрт қауіпсіздігі дұрыс сақталмайтын, ақауы бар үйлерде тұрып жатыр. Бұл туралы әкімдіктерге хабарланған. Соның нәтижесінде биыл әлеуметтік түрғыда осал топқа жататын үйлерде өрт санын 18 есеге азайды», - дейді Юрий Ильин.

Министдің дерегі бойынша, 2019-2020 жылдары халықтың осы санатындағы үйлерде 354 өрт болып, 38 адам қаза таптқан. Оның ішінде 4 көпбалалы отбасы бар. 2020-2021 жылыту маусымында 19 өрт тіркеліп, 2 топтағы мүгедек тұрғын көз жұмған. 

«Сондай-ақ, алдын алу шараларының арқасында улы газдан болатын адам өлімі 28%-ға төмендеді», - деді министр.