12 там, 2025 сағат 11:52

76,35% талапкер ҰБТ шекті балын еңсерді


Фото: pixabay.com

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырдан 10 шілдеге дейін 46 өңірлік тестілеу орталықтарының базасында өткізілді. Оған 210,2 мыңнан астам талапкер қатысты, оның ішінде 160,5 мың адам немесе 76,35% ҰБТ шекті балын еңсерді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің 12 тамыздағы ҚР Үкіметінің отырысында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Биыл  ҰБТ-ның орташа балы 69,42 балды құрады.

2025 жылы мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық.

Биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 93 232 грант бөлінді, оның ішінде 77 084 грант жоғары білім алуы үшін бөлінді.

Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99% көлемінде игерілді.

– 2500 грант Атырау және Маңғыстау облыстарының жастарына берілді,

Серпін жобасы бойынша 2004 грант,

Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында оқу үшін 2 365 грант.

Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларға 9,5 мың грант,

– 2, 1 мың грант қандастарға берілді.

Алғаш рет мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін 2 010 білім беру гранты бөлінді. 

Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше 2020 жылмен салыстырғанда студенттердің стипендиясы 2 есеге ұлғайтылған.

"Жыл сайын 300 сараланған гранттар, биылғы жылы «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі енгізілді бұл мемлекет (бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК), қорлар, ата-аналар және банктердің қатысуымен 5 жастан бастап білім беру капиталын қалыптастыруға арналған жүйе. Жиналған қаражат есебінен жоғары білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға болады. Жалпы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде 133 969 мыңға жуық салым ашылған, оның 34 768 салымы 2025 жылғы 12 мамырдан бастап «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі негізінде ашылған. Биыл да жылдағыдай мемлекеттік гранттардан басқа 5 мыңға жуық грант бөлінетінін атап өткім келеді, олар әкімдіктердің (1 700-ден артық грант), жұмыс берушілердің (400 грант), әртүрлі қорлар (500 грант) мен ректорлар бөлетін гранттар (2 200 грантқа жуық)", - деді министр.

Жатахана мәселесі

"Студенттер үшін оқу жылының басында маңызды мәселелердің бірі жатақханаға орналасу. Жалпы өткен оқу жылында жатақханаға деген тапшылық Астана және Алматы қалаларында ғана байқалды. Биыл Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан басқа өңірлерде жатақханаға деген тапшылық жоқ", -деді ол.


2025 жылға 10 439 орындық 29 жатақхананы іске қосу жоспарланған (оның ішінде ЖОО студенттері үшін 8 325 орындық 20 жатақхана, колледж студенттері үшін – 2 114 орындық 9 жатақхана).

Министрдің сөзінше қазіргі таңда 3 528 орындық 4 жатақхана іске қосылды (ЖОО студенттері үшін Түркістан қаласында – 652 орындық

2 жатақхана, Астана қаласында – 2 876 орындық 2 жатақхана).

Қыркүйек айына дейін 4 228 орындық 19 жатақхана іске қосылуы күтілуде (ЖОО студенттері үшін 3 052 орындық 11 жатақхана Астана, Алматы, қ., Абай обл., колледж студенттері үшін 1 116 орындық 8 жатақхана Алматы, Шымкент қ., Ақмола, Қостанай, Алматы, Жамбыл, Түркістан обл).

Одан басқа, жылдың соңына дейін 2 683 орындық 6 жатақхана іске қосылады (ЖОО студенттері үшін 1 745 орындық

5 жатақхана Алматы қ., колледж студенттері үшін 938 орындық 1 жатақхана Астана қ.).

Ғимараттардың күйі

"Жаз айларында жоғары оқу орындарының 58 нысаны күрделі жөндеуден, 560-тан астам нысан ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Барлық жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, оқу ғимараттары мен жатақханаларда бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл түймелері, өртке қарсы құралдар орналастырылған", - деді С. Нұрбек.


Сондай-ақ министрдің сөзінше 80-нен астам университеттің нысандарында террористік қауіпсіздік паспорттары бекітілген, сондай-ақ, лицензиясы бар күзет агенттіктерімен келісімдер жасалған.