Қазақстанда вакцина өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып шамамен 12 млн доза вакцина алу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл бірінші ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу шарасы басталды. Бүгінгі күні вакцинация жүргізу үшін 347 егу пункті жұмылдырылды, бүгінгі күні 76 188 азамат егілді. Наурыз айының соңына дейін сәуір айынан бастап жеткізілім көлемінің едәуір артуымен 180 000 доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Сәуір айынан бастап халықтың осал топтарын (созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар және халықтың басқа да топтары) вакцинациялауды бастау жоспарлануда», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Оның айтуынша, келіп түсетін вакцина көлемінің ай сайын ұлғаюын ескеріп, аумақ әкімдері вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттарын сақтай отырып, қосымша егу кабинеттерін өрістетуді, тиісті халықты вакцинациялауды жүргізуді кеңейту үшін даярланған мамандармен қамтамасыз етуі қажет.
«Халықты КВИ-ға қарсы профилактикалық екпелермен қамтудың қажетті деңгейіне қол жеткізу ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және инфекцияның таралуын болдырмауға мүмкіндік береді. Қазақстанда вакцина өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді, биыл вакцинаны жеткізуді ескере отырып, шамамен 12 млн.доза вакцина алу жоспарлануда», - дейді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, ақпан айында елімізде коронавируспен сырқаттану деңгейі қаңтармен салыстырғанда 30% төмендеді.
«Қаңтар айымен салыстырғанда ақпанда сырқаттанушылық деңгейі 30% төмендеді. Ал наурыз айында сырқаттанушылық деңгейі 1,2 есеге төмендеуі байқалады. Дегенмен, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары және Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында аурудың өсуі байқалады», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі.
Ол бұл аймақтардың әкімдері сырқаттанушылық деңгейінің өсуіп кету себептеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, жедел шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
«КВИ жағдайларының себептерін талдау кезінде мына жағдай анықталды: өз еркімен қаралу кезінде КВИдің анықталуы – 45%, науқастанған адамдармен байланыста болғандар арасында анықталғандар – 35%, ал профилактикалық мақсатта емделіп жүргендер арасында анықталуы – 20%», - дейді Алексей Цой.