30 қаз, 2020 сағат 09:40

57 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды

57 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Мұндай шешім бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2020 жылғы 26 қыркүйек пен 7 қазан аралығында өткен конкурстық іріктеудің бірінші және екінші кезең нәтижелері бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның қарауына 59 үміткердің материалдары ұсынылды. Оның ішінде 50 үміткер магистр дәрежесін алу үшін шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түскендер, доктор дәрежесін алуға 7 үміткер, тағылымдамадан өтуге 2 үміткер конкурстық іріктеуге қатысты.

Үміткерлердің көпшілігі Ұлыбритания (28 адам), АҚШ (19 адам) және Австралияда (7 адам) оқуға құжат тапсырса, ең азы Швейцария, Дания, Жаңа Зеландия, Израиль, Ресей сияқты елдердің еншісінде.

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 57 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.

Айта кетерлігі, биылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық рәсімдер толығымен автоматтандырылды. Үлгі ретінде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүйесі таңдап алынды.

Естеріңізге сала кетсек, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаны іске асырудың 26 жылында 13 976 стипендия тағайындалды, оның ішінде 1994 жылдан 2004 жылға дейін – 785 стипендия, 2005 жылдан 2020 жылға дейін – 13191 стипендия үлестірілді. 13191 стипендияның 3379-ы бакалавриат, 7229-ы магистратура, 35-і аспирантура, 87-сі клиникалық ординатура, 347-сі докторантура, 2114-і тағылымдама бағдарламасы бойынша оқуға арналды.

2020 жылға барлығы 555 стипендия бөлінді, оның 395-і магистратура бағдарламасына, 50-і докторантура бағдарламасына және 110-ы тағылымдамадан өтуге арналған. Екі іріктеу қорытындысы бойынша 163 стипендия тағайындалды, оның 143-ін «магистратура», 13-ін «докторантура», ал 7-ін «тағылымдама» бағдарламалары құрайды.