Алматыда коронавирус жұқтырған 244 адам жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
3 мамыр күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 667 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен - 589, симптомсыз – 78 науқас тіркелді.
«Реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 244 адам жатыр. Ал 46 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 78 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 77 аппарат жұмыс істейді»,- деп хабарлады басқармадан.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 5460 пациент бар. Оның ішінде 4830 адамда індет белгілері болған, олар орташа ауыр жағдайда. 630 адамда коронавирус белгілері жоқ.
Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 2 мамыр аралығында барлығы 222 754 адамға екпе салынды.
Өткен тәулікте 2 726 адам вакцина алды.
