18 мам, 2021 сағат 11:16

5 өңірде дебиторлық қарыз өскен


Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы дебиторлық берешектің өсіп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінгі Үкімет отырысында өткен жылыту маусымының қорытындысы мен келесі маусымға дайындық шаралары талқыланды. 

Премьер-Министр өткен жылыту маусымы қалыпты режимде болғанын атап, алдағы маусымға сапалы дайындықты қазірден бастап кету керектігін ескертті. 

«1 маусымға дейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау бойынша іс-шаралар жоспарларын бекітуді тапсырамын. Солтүстік және шығыс өңірлерінің ауа райы жағдайларын ескере отырып, 1 қыркүйекке дейін – білім беру ұйымдарының, 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерінің толығымен дайын болуын қамтамасыз ету қажет», - деген Премьер-Министр жауапты сала басшыларына тұтынушылардың дебиторлық берешегін төмендету және энергия өндіретін ұйымдардың отын жеткізушілердің алдындағы берешегін өтеу бойынша шаралар қабылдауды жүктеді. 

«Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері дебиторлық берешектің өсу проблемасына назар аударсын», - деді Асқар Мамин.