07 қаз, 2025 сағат 10:33

49 ескерткіш заңсыз орнатылған: министрлік дабыл қақты

Фото: ҚР МАМ

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде ескерткіш орнату тәртібін қатаң сақтау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Ult.kz.

Министр соңғы жылдары ескерткіштерді заңсыз орнату фактілерінің жиілеп кеткенін атап өтті.

Мәдениет министрліктің дерегінше, соңғы бес жылда он өңірде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған. Ең көп бұзушылық Түркістан (17) және Қостанай (15) облыстарында тіркелген. Кей жобалар республикалық комиссияның мақұлдауынсыз, кейбірі жеке меншік аумақтарға орнатылған.

«Ескерткіш орнату – тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік. Бұл – келер ұрпаққа деген аманат», – деді министр.


Ол жергілікті атқарушы органдарға заңсыз ескерткіштерге жол бермеуді және бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ ескерткіштерді орнату тәртібі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңмен және министрлік бекіткен қағидалармен реттелетінін еске салды.

Аида Балаева тарихи тұлғаларға деген құрметтің лайықты деңгейде көрініс табуы үшін қоғамда мәдени тәртіп пен жауапкершілік қажет екенін айтты.