01 сәу, 2021 сағат 15:15

42 500 қайта төлене ме – министрлік жауап берді

Бүгінде бірқатар өңірде карантин шаралары күшейтіліп жатыр. Осыған байланысты халық арасында 42 500 теңгені қайта төлеу мәселесі көтерілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біржолғы төлем қандай жағдайда берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Өткен жылы 42 500 теңге көлеміндегі төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен жасалған болатын. Ол ақша жұмыс істейтін, бірақ төтенше жағдай мен карантин шаралары енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға берілді", - дейді министрлік өкілдері.  

Ресми мәліметке сәйкес, біржолғы төлемді 4,6 миллионнан астам адам алды. Қордан бөлінген қаржының жалпы сомасы 476,3 миллиард теңгені құрады. Ал осы жолғы шектеулер бизнеске қатысты және демалыс күндері күшейтіледі. Бүгінде кәсіпкерлерге салықтық және тағы басқа жеңілдіктер жасалып отыр. 

"Осыған байланысты бүгінде 42 500 теңгені қайта төлеу мәселесі қаралып жатқан жоқ", - деп атап өтті мамандар.

Айта кетейік, өткен жылы 42 500 теңге екі рет төленді. Алдымен төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнес нысандарының жұмысшыларына берілсе, одан кейін 5 шілде мен 16 тамыз аралығында енгізілген қатаң карантин үшін бір жарым айлық төлем – 63 750 теңге аударылды.