Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары көпқабатты үй балконынан құлағалы тұрған әйелді аман алып қалды деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін таңертең ерте «101» қызметіне Өскемен қаласының Назарбаев даңғылында орналасқан үйдің үшінші қабатының терезесінде әйел тұрғаны туралы қоңырау түсті. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетті. Ол кезде әйел балконға ілініп, құлаудың аз-ақ алдында тұрды.
ШҚО ТЖД мамандандырылған жасағының қызметкері Шыңғыс Смағұлов 4-қабаттан құтқару арқанымен балконға түсіп, соңғы сәтте әйелді ұстап қалды. Сөйтіп, оны ақырын төмен түсірді.
Шыңғыс әрекет етіп жатқанда, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері төменнен кенепті созып, сақтандырып тұрды», - деп мәлім етті ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.
40 жастағы әйел жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталды. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
