Әлемнің 39 мемлекеті Қытай үкіметінің Шыңжаң, Гонконг және Тибет аймақтарындағы адам құқықтарының жағдайына алаңдайтынын айтып, мәлімдеме жасады.
"Біз Шыңжаңдағы адам құқықтарының жайына және Гонконгтағы соңғы өзгерістерге қатты алаңдаймыз. Қытайды адам құқықтарын сақтауға шақырамыз" делінген Германияның БҰҰ-дағы елшісі Кристоф Хойсген қол қойған мәлімдемеде.
Мәлімдемені АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Еуропа одағының көп мүшесі, Албания, Гаити, Гондурас, Босния-Герцеговина, Палау және Маршалл аралдары тәрізді БҰҰ-ның 39 мүшесі қолдаған.
Мемлекеттер бұл мәлімдемені Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі әлеуметтік, гуманитарлық және мәдени мәселелерді қарастыратын Үшінші комитетінің атына жолдаған.
"Шыңжаңда саяси қайта үйрету" лагерлерінің үлкен желісінің болуына қатты алаңдаймыз, сенімді ақпараттарға қарағанда, оларда миллионнан астам адам себепсіз қамауда отыр. Біз адам құқықтары өрескел бұзылғаны туралы деректердің көбейгенін байқадық. Онда дін және сенім бостандығы, көшіп-қону, ұйымдарға бірігу, пікір білдіру еркіндігі, ұйғыр мәдениеті қатаң шектелген. Әсіресе ұйғырлар мен өзге де азшылық өкілдеріне тыңшылық әрекеттері ерекше көп қолданылады, жұмысқа жегу, мәжбүрлеп бала тууды шектеу, соның ішінде стерилизация туралы мәліметтер көбейіп барады" делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, қол қойған елдер БҰҰ сарапшылар тобының "Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігі туралы" заңның көп ережесі "Қытайдың халықаралық құқықтық міндеттемелеріне қайшы келеді" деген көзқарасымен келісетінін айтқан. Былтыр маусымда қабылданған бұл заңда Гонконг тұрғындарын тергеу мақсатында Қытай аумағына алып бару мүмкіндігі қарастырылған.
Мәлімдемеге қол қойғандар Қытайды "тәуелсіз бақылаушыларды, соның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссарын және оның басшылығын … Шыңжаңға дереу, толыққанды және еш бөгетсіз өткізуге" және БҰҰ-ның нәсілдік кемсітуді жою комитетінің сегіз ұсынысын "дереу орындауға, соның ішінде ұйғырлар мен басқа да азшылық өкілдерін сотсыз қамауды тоқтатуға" шақырған.
БҰҰ-ның Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымындағы директоры Луи Шарбонно "Пекиннің кек аламыз деп қорқытқанына қарамастан, [Шыңжаңдағы жағдайға] алаңдап жатқан елдер саны артып келеді" деп, 39 ел қол қойған мәлімдемеге қолдау білдірді.
Шарбонноның айтуынша, Қытай "бүгінгі мәлімдемені қолдаған делегаттарға мұның экономикалық және саяси салдары болады деп ескерткен".
БҰҰ есебінше, Қытай билігі 2017 жылдан бері Шыңжаңда 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Қытай билігі биыл Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу орталықтардағы" адамдардың бәрі шыққанын айтқан (Қытай бұл орталықтарды кәсіп меңгеріп, тіл үйренетін "қайта тәрбиелеу орындары" дегенді алға тартады. Ал халықаралық ұйымдар орталықтарды саяси лагерь дейді).
Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері, соның ішінде шетелден келген этникалық қазақтардың құқықтарын қорғау ұйымдары Шыңжаңда адам құқықтарының бұзылып жатқанын жиі айтады.
Қытайда туыстары қамалған не із-түзсіз жоғалған азаматтар Қазақстанда жиі наразылық өткізеді.
Қытайдан қуғын көрдім деп Қазақстанға заңсыз өтіп кеткен этникалық қазақтардың істері ақпарат құралдарында көп талқыланады.