Қытай бастаған 26 мемлекет індеттің экономикаға ықпалын азайту үшін АҚШ пен өзге де Батыс елдері салған санкцияны алып тастауға шақырды.
БҰҰ Бас ассамблеясының Адам құқықтары жөніндегі отырысында осындай бастама көтерген Қытай санкция БҰҰ жарғысына қайшы келеді деді. Бұған қоса, санкция адам құқығын бұзып, індеттен зардап шеккен елдердің "дамуына бөгет жасайды", халықтың денсаулықты қорғау құқығына нұқсан келтіреді деді.
Мәлімдемені Ресей, Сирия және Батыс санкциясына ұшыраған өзге де елдер қолдады.
Ал Халықаралық валюта қоры кедей елдерге шұғыл көмек беруді мақұлдады. Қаржылай көмек жағдайы нашар елдердің қарызын азайтып, індетпен күресті үдетуге бағытталған. Ұйым соның арқасында кедей елдер қаржысын үнемдеп, оны медицина сияқты өте маңызды салаларға жұмсай алады деп санайды.
Халықаралық ұйымнан қаржылай көмек алатын мемлекеттер арасында Ауғанстан мен Тәжікстан да бар.
Еуропада індеттің екінші толқыны басталып, бірқатар елдер карантин шараларын күшейтуге көшкен шақта халықаралық ұйым осындай шешім қабылдап отыр.