Қазақстан жаңа Салық кодексінің нәтижесінде 2025 жылға қарай қосымша 4 трлн теңге салық жинауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Global Challenges Summit 2018 форумының екінші күнгі жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде экономикалық өсімнің жаңа моделі, сапалы экономикалық өсімге көшу қажеттігін түсінеміз. Ол экономиканың индустриалды технологиялық трансформациясының мөделі ретіндегі төртінші өнеркәсіптік революция екендігі сөзсіз. Ал «Рухани жаңғыру» адам капиталын кешенді дамыту бағдарламасына келсек, қоғамдық сананы жаңғыртпай экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Мемлекет басшысы ұсынған тағы бір жаңа стратегия қазақстандықтарға арналған әлеуметтік топта 5 әлеуметтік бастама бар», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Осы ретте Премьер-Министр бұл стратегиялық міндеттердің қалай орындалатындығына тоқталды.
«Бұл орайда үш деңгейді анықтап алуға болады. Біріншісі бізге қажетті жүйелі реформа болмақ. Біз ол жайында айтқан кезде жекешелендіру арқылы жүргізілетін экономиканың құрылымдық өзгерістеріне баса назар аударамыз. Қазіргі уақытта жекешелендірудің екінші толқыны аясында 800-ден астам компания сатылымға шығарылды. Процесс жоспарға сай жүргізілуде», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жекешелендіруге шығарылған 65-топ компания барлық инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Оның ішінде 9 ұлттық стратегиялық компания ІРО арқылы жекешелендірілетін болады. Ағымдағы жылы «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком» компаниялары ІРО-ға шығырлады деп күтілуде.
Сонымен қатар ол Қазақстанда қабылданған жаңа Салық кодексіне де тоқталды.
«Өткен жылы біз жаңа Салық кодексін қабылдап, ол ағымдағы жылдың басынан қолданысқа енді. Салық реформасы инвестициялық өсім көздерін іздеуге бағытталған. Аталған өзгерістердің аяғында біз 2025 жылға қарай қосымша 4 трлн теңге салық жинауды жоспарлап отырмыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.