2025 жылға дейін елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады. Бұл туралы бүгін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта бізде 680 шақырым ақылы жолдар бар. Олар Нұр-Сұлтан-Щучье, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас жолдары. Өткен жылы біз инвестициялық байқау өткіздік. Оны тайвандармен бірге «Computer vision technologies» компаниясы жеңіп алды. Олар 2020 жылдан 2025 жылға дейін 11 мың шақырым жолда ақы алу жүйесін енгізеді. Бұл жолдар қазіргідей гибридті емес, ашық болады. Камералар қанша машина өткенін, қанша шақырым жүргенін түсіріп алып, хабарлама жібереді. Жоспарлы құны жеңіл көліктерге 1 шақырым үшін 1 теңге, жүк көліктеріне 15 теңге», - деді ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алаңында өткен селекторлық кеңесте.
Сонымен қатар ол жол салу саласындағы жемқорлықты жоюға бағытталған жұмыстар туралы да айтып берді.
«Мердігер 1 айдың ішінде орындауы тиіс жұмыс көлемі бар. Егер ол белгіленген мерзімде жұмысты істемесе, онда оған айыппұл есептелінеді. Осы орайда жемқорлық тәуекелі туындайды. Яғни, ол айыппұл төлеуден жалтару үшін орындалмаған жұмыстарға толық көлемде қол қойдыруға тырысады. Сондықтан айыппұлды алып тастап отырмыз. Алғашқы айында көлемнң орындалмағаны туралы ескертпе береміз. Екінші айында да ескертеміз. Егер ол үшінші айда да жоспарды орындамаса, демек ол орындай алмайды деген сөз. Себебі маусым да, уақыт та қысқа. Одан ары созудың еш мәні жоқ. Сондықтан үшінші айда біз оған айыппұл салып, келісімшартты бұзамыз. Бұл мерзімге ғана емес, сонымен бірге сапаға да қатысты», - деді Ұлан Әліпов.