30 сәу, 2021 сағат 13:31

2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 560 мың теңгеден асады


Бүгін халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дәрігерлер жалақысын көтеруге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Медициналық ұйымдарды білікті кадр ресурстарымен жасақтау үшін біз тиісті іс-шараларды қарастырдық. Бұл тұрғыда медицина қызметкерлерін даярлауға гранттар санын ұлғайту, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу, медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен, яғни 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге дейін көтеру ескерілген», - деді министр.

Оның айтуынша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы, яғни дәрігерлерге 30 пайызға, орта медицина қызметкерлеріне 20 пайызға өсті. 

«Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгені құрайды», - деді Цой.