Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үй есебінде тұру құқығын сақтау ескеріліп отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халықаралық тәжірибені (Жапония, Германия, Франция) ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын орындаудың баламасы ретінде жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын 2023 жылдан бастап енгізуді ұсынамыз. Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталатын болады», - деді министр.
Бұдан бөлек, жұмыс берушінің өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда еңбекте мертігуден мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету ескерілген.
Серік Шапкеновтың сөзіне қарағанда, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығын сақтау қамтылған. Бұл норма 20 мың отбасына кезегін сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде тұрғын үйге кезекте тұрған және оны алмаған мүгедек балалары бар отбасылар «1 немесе 2-топтағы мүгедектер» санаты бойынша кезекке қайта тұруға мәжбүр.