Фото: ашық дереккөзден
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени мұраны насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту бойынша жұмысты күшейтті.
Тарих пен мәдениеттің бірегей ескерткіштерін әліемдік кеңістікке ықпалдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне 10 тарихи және мәдениет ескерткіштерін ұсынды. 2025 жылға қарай министрлік олардың санын 16-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Мәдениетті дамыту мақсатында өңірлерде мәдениет объектілерінің, оның ішінде ауылдық жерлердегі мәдениет үйлерінің кезең-кезеңімен құрылысы басталып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы 22 мәдениет нысаны салынып, 189-на жөндеу жұмыстары жасалды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында еңбегі сіңген жазушыларға тұңғыш рет «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағы беріліп, 8 мәдениет қайраткері марапатталды.
Мәдениет және архив ұйымдарының 65 мың қызметкерлерінің жалақысы өсті. 30 жылда алғаш рет бюджет қаражаты есебінен екі музыкалық ұйым мен үш білім беру мекемесінде музыкалық аспаптар жаңартылды. Бұл музыканттардың кәсіби және шығармашылық өсуі үшін жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан театрлары халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып, беделді марапаттарға ие болып жүр. Мемлекеттік театрлар әр түрлі жанрлар мен бағыттардағы 10 мыңнан астам спектакльдерді сахналады. 200-ге жуық жаңа қойылым ұсынылды. Театрларға 2 миллионға жуық көрермен келді. Ел бойынша және шетелдерде 800-ден астам гастрольдік сапарлар өткізілді. Еліміздің барлық театрларының репертуарын ұлттық авторлардың шығармаларымен толықтыру жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады. Бұл отандық композиторлар мен драматургтердің шығармаларын насихаттап қана қоймай, көрермендердің рухани және адамгершілік тәрбиесін арттыруға себін тигізеді.
Отандық кинематография даму барысында қуатты серпін алып келеді. 2023 жылы мемлекеттік қолдаумен 18 фильмнің түсірілімі аяқталды. Одан бөлек, 19 жаңа киножоба іске қосылды. Мемлекеттік қаржылық қолдау алған фильмдерді дамыту және прокатқа шығару, беделді марапатттарға отандық фильмдерді қосу бойынша шараларды қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы «Кинематография туралы» Заңға түзетулер енгізілуде.
Креативті индустрия саласында даму әлеуеті бар: мемлекеттік қолдаудың жекелеген пакетін әзірлеуге және осы саланы дамытуға бағытталған шаралар қабылдануда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияны қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы дайындалуда. Креативті индустрияны дамыту қорын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның мақсаты саланы дамытуға қолдау, таланттыларды іздеу, инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді экспорттауға жәрдемдесу және коммерцияландыру болып табылады.