13 жел, 2021 сағат 17:06

2022 жылғы 1 қаңтардан газ желісі ұйымдарын аккредиттеу институты күшін жояды


2022 жылғы 1 қаңтардан газ желісі ұйымдарын аккредиттеу институты күшін жояды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылғы желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Оның аясында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап газ желісі ұйымдарын аккредиттеу институтының күшін жоя отырып, сұйытылған мұнай газын (бұдан әрі – СМГ) электрондық сауда алаңдарына (бұдан әрі – ЭСА) кезең-кезеңімен өткізу туралы тиісті түзетулер енгізілген. Сондай-ақ және ЭСА арқылы жеткізу үшін мәлімделетін СМГ үлесінің мөлшерін келісу бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) құзыреті көзделген», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының жауабында. 

Оның атап өтуінше, қолданыстағы тетіктен СМГ-ні ЭСА арқылы толық іске асыруға көшу нарықтың барлық қатысушылары үшін тікелей өндірушілерден СМГ көлемдерін сатып алуға тең және кемсітпейтін жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді, нарыққа тиімсіз делдалдардың әсерін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шағын орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. 

«Осы жылғы қарашада СМГ-ны ЭСА арқылы өткізудің жалпы көлемінің үлесі 70 пайызды құрады. ЭСА-дан тыс өткізілетін СМГ-ға Энергетика министрлігі тоқсан сайын бекітетін көтерме шекті баға (2021 жылғы 4 тоқсанға баға қосылған құнға салынатын салықсыз тоннасына 38 701 теңге деңгейінде бекітілді) бойынша беріледі. Өз кезегінде, ЭСА арқылы өткізілетін СМГ бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Бұл ретте, бүгінгі күні СМГ ішкі нарығын қамтамасыз ету және баға белгілеу тетігін жетілдіру жөніндегі барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлаймыз. Осылайша, «Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы «Энергетика министрінің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 481 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығының жобасы әзірленді», - деді Роман Скляр.