13 қаз, 2021 сағат 10:23

2021 жылы Қазақстанға 18 млн астам вакцина дозасы жеткізілді


ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта республика бойынша коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жұмыстары жалғасуда. 2021 жылғы ақпаннан бастап өңірлерге 18,5 млн астам вакцина дозасы жеткізілді, оның ішінде І компонентке 9,4 млн доза және ІІ компонентке 9,1 млн доза вакцина бар. Әзірге республика бойынша бірінші компонентпен – 7 884 798 адам егілді, яғни тиісті контингенттің 79,1%-ы қамтылды, екінші компонентпен 6 942 756 адам (69,6%) вакциналанды», - деді Ержан Байтанаев. 

Оның айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдармен халықты коронавирус инфекциясына қарсы иммундау жөніндегі кешенді жоспарды әзірледі және мақұлдады. Ол коронавирусқа қарсы вакциналауды ұйымдастыру, халықаралық тәжірибені зерделеу, профилактикалық екпелерді есепке алуды цифрландыру және халықпен вакцинаның маңызы туралы коммуникациялық жұмысты қамтиды.

«Кешенді жоспар Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 9 ақпандағы хаттамасымен бекітілген. Бүгінгі күні Кешенді жоспардың барлық тармақтары орындалды. Бүгінгі таңда КВИ-ға қарсы вакцинамен қамту бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 2-ші және әлемнің барлық елдері арасында 42-ші орында тұр. Қазақстанда 9,9 млн адамға бес түрлі вакцина дозалары қолжетімді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы инфекцияға қарсы жыл соңына дейін халықтың 40%-дан астамын және 2022 жылы 70%-ын вакцинамен қамтуды ұсынады», - дейді Е. Байтанаев.

2021 жылғы 12 қазанда Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-ші компонентін 7 915 434 адам, 2-ші компонентін 6 983 073 адам салдырды.

Сонымен бірге, Қазақстанда 12-17 жастағы балалар мен жүкті әйелдерді вакциналау жұмыстары жоспарлануда. Осыған байланысты министрлік Pfizer компаниясымен 2021 жылдың соңына дейін 4 млн доза вакцинаны жеткізу бойынша шартқа қол қойды.

Қазіргі уақытта республика азаматтарына «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V), «QazVac», «Hayat-Vax», «КоронаВак» және «Синофарм» сынды бес түрлі вакцина қолжетімді.