01 қыр, 2020 сағат 10:45

2021 жылдан бастап мемқызметшілердің шетел банктерінде есепшот ашуына шектеу қойылады

2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің шетел банктерінде есепшоты болуына шектеу енгізу керек. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәліметтерді және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету жөніндегі бірыңғай ақпараттық ресурс жасау аса маңызды болып отыр. Мемлекеттік органдардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашықтығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септігін тигізеді. Ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі заң жобасын мүмкіндігінше осы сессияның аяғына дейін қабылдау керек», - деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар ҚР Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санайтынын баса айтты. 

«2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.