25 қаң, 2021 сағат 10:10

2020 жылы жол апатынан қаза тапқандар саны 17 пайызға азайды

Өткен жылы 5,7 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісіне жол берілмеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресми өкілдің айтуынша, Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбы көтерілді. 

Полицияның ел жолдарында бақылауды күшейтетіні атап өтілді.

«Жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеу жүйелерінің желісін кеңейту және интеллектуалды камераларды енгізу бойынша шаралар қабылдануда. Өткен жылы 5,7 млн-нан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылыққа жол берілмеді. Оның 2,6 млн-ы автоматты тіркеу жүйесінің көмегімен анықталды. Жолдардың апатты және қауіпті учаскелерін тексеру бойынша жұмыс жандандырылды. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жауапты тұлғаларға 25 мыңнан астам нұсқама берілді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жол жағдайы қолайсыз немесе көліктің техникалық жай-күйі сәйкес келмеген жерлерде полиция қызметкерлері жолды немесе көлікті күтіп ұстауға жауапты адамдарға қатаң шара қолданады. 

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көшелер мен жолдарды қоршаумен, жаяу жүргіншілер өткелімен, қосымша бағдаршаммен, жол белгілерімен, апаттық байланыспен жабдықтау шараларына ерекше көңіл бөлінеді.

«Автопатруль арқылы жол қозғалысын қадағалауды екі мыңға жуық экипаж жүзеге асырады. Өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны - 18,7 пайызға, онда қаза тапқандар - 17 пайызға және зардап шеккендер - 19,5 пайыз қысқарды», - деді Нұрділдә Ораз.