30 сәу, 2021 сағат 11:55

2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды


2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін біз олардың скринингтік зерттеулерін жалғастырамыз. 2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды, оларда 400 мыңға жуық ауру анықталды, оның ішінде 151 мыңнан астам адам есепке алынды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, балалар кардиохирургиялық қызметін дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Соңғы 3 жылда балаларға 7 мыңға жуық кардиохирургиялық араласу жүргізілді. 2020 жылы ашық жүрекке 1 627 операция, 426 эндоваскулярлық операция жасалды.

«Сондай-ақ, балалар онкологиялық қызметін дамыту жалғасуда. 5 жылдың ішінде 210 сүйек кемігін транспланттау жүргізілді. Қатерлі ісіктері бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейі қазіргі уақытта 74% құрайды», - деді Цой.