07 сәу, 2020 сағат 08:07

2020 жылы 12 600 отбасыны жалға берілетін тұрғын үймен қамту көзделген — ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық отырыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.  

Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 15 млн. шаршы метр немесе 150 мың тұрғын үй салу жоспарланған. Мемлекеттік инвестициялар есебінен әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік 38 300 пәтер (2,2 млн шаршы метр) сатып алынады және салынады.

Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 90 млрд теңге көзделген.

Жалға берілетін тұрғын үймен 12 600 отбасыны қамтамасыз ету жоспарланған, соның ішінде:

  • 6 000 көп балалы отбасы;
  • 1 000 жас маман;
  • 5 600 халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына жататын кезекте тұрғандар. 

Қ. Өскенбаев хабарлағандай, кредиттік тұрғын үй құрылысына 2017 жылдан бастап 207 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат әкімдіктерде револьверлік негізде айналымда, соның ішінде жыл сайын шамамен 101 млрд теңгеге тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз етеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк дағдарыс кезінде құрылыс саласын қолдау және халықты жұмыспен қамту үшін 180 млрд теңге қосымша бөлді. Осы қаражатты алу үшін әкімдіктер облигациялар шығаруға дайындалып жатыр. Облигациялар шығару 7 сәуірге жоспарланған», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі. 

4 өңір (Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай облыстары) облигацияларды сатып алуға дайын, 12 өңір іске асырып жатыр. Барлығы кредиттік тұрғын үймен 25 700 отбасы қамтамасыз етілетін болады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ағымдағы жылы 49 млрд теңге есебінен көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүгедек балалары бар отбасыларға жылдығы 2%-бен жеңілдікті қарыздар беруді жалғастырады. Тұрғын үй жағдайларын 5 мың азамат жақсартады. Бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2019 жылдан бастап 49,3 млрд теңге сомасына 4955 қарыз берген», — деді Қ. Өскенбаев.

 Бүгінгі күні экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жұмыс орындарын сақтау аясында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы қаулының жобасы әзірленді. Негізгі өзгерістер мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін енгізу бөлігінде пилоттық жобаны іске асыруға, қаржыландыруды 180 млрд. теңгеге ұлғайтуға, 1 шаршы метр үшін құрылыстың шекті құнын арттыруға және кредиттік тұрғын үй бойынша нәтижелер көрсеткіштерін түзетуге байланысты.

«Отандық құрылысты қолдау кезінде құрылыс индустриясына ерекше мән беріледі. Бүгінгі күні құрылыс өнімдері нарығында негізгі материалдарға қажеттілік 669 млрд теңгені құрайды. 330 млрд теңгеге өнім өндіріліп жатыр. Импортты алмастыру жұмысы шеңберінде 33 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Осы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін импорттың үлесі 54%-ға төмендейді», — деді Қ. Өскенбаев.

Сонымен қатар табақты шыныға қажеттілікті жабу үшін Қызылорда облысында құны 32 млрд. теңге болатын шыны зауыты салынып жатыр. Қосымша Нұр-Сұлтан қаласында құны 13 млрд теңге болатын полиэтиленді құбыр өндірісі іске қосылды («Kerim plastik pipes» ЖШС). Керамика өндірісі («Зерде керамика Ақтөбе» ЖШС) 26 млрд теңгеге және арматура өндірісі 40 млрд теңгеге («Тараз арматура зауыты» ЖШС) ұлғаяды. Қосымша ірі құрылыс компанияларымен және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-мен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 100% импорт алмастыратын отқа төзімді кірпіш, жабын материалдары, санфаянс және лак-бояу бұйымдары өндірісі жобаларын іске қосу мәселесі пысықталып жатыр.

Бүгінгі күні құрылыс саласына және аралас салаларға (құрылыс индустриясы, логистика, сауда, қызмет көрсету және т.б.) шамамен 642 мың қазақстандық тартылған.

Тұрғын үй құрылысының пилоттық жобасы бойынша қосымша бөлінген қаражат шеңберінде 15 мың жұмыс орны құрылып жатыр. Құрылыс индустриясында 29 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Импортты алмастыратын 33 кәсіпорында шамамен 8 мың жұмысшы еңбек ететін болады.

«Әсіресе, оңтүстік өңірлерде құрылыс маусымы басталды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. Ал кейбір өңірлер кейінірек қаржыландыруды көздеп отыр. Бұл нысандарды уақытылы пайдалануға беруге теріс ықпалын тигізеді. Өңірлерді жұмыстарды жеделдетіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз етуді сұраймын», - деп қосты Премьер-Министрдің Орынбасары Роман Скляр. 

Оның айтуынша, әкімдіктер облигацияларды сатып, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ынан қаржы алуға әзір болуы тиіс. Алайда өңірлер ұйымдастырушылық мәселелерін әлі күнге дейін толық пысықтап үлгерген жоқ. Өңірлердің айналымында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ынан тұрғын үй салуға тартылған қаражат бар, бірақ олар міндеттемелерін өтеуге тарту туралы өтініш білдірген жоқ. Бұған жол беруге болмайды, себебі бұл қаражаттың айналуы мен тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне ықпал етеді. Бағдарлама талаптарын мүлтіксіз сақтау қажет.