Президент Қ.К. Тоқаев қатысуымен 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Қазақстан экономикасының өсу қарқынының 2,9%-дан 4,1%-ға дейін үдеуі атап өтілді.
«Өсудің қозғаушы күштері негізінен өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы салалары болды. Өңдеуші өнеркәсіптегі өсім негізінен машина жасау, мұнай өңдеу, түсті металлургия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика және сусындар өндірісі есебінен қамтамасыз етілді. 14 өңірде өнеркәсіптің өсуі қамтамасыз етілген», - деді ҚР Премьер-Министрі.
Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және нәтижелі жұмыс орындарын құру үшін негізгі мәселе – инвестициялардың жаңа толқынын тарту.
«Біздің міндетіміз – жыл сайын негізгі капиталға инвестициялар көлемін орта есеппен 20%-ға арттырып, оның деңгейін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30% дейін жеткізу», - деді Асқар Мамин, негізгі капиталға инвестициялар 11,7% ұлғайғанын, оның ішінде жеке инвестициялар 13%-ға өскенін атап өтіп.
Оның айтуынша, нысаналы параметрлерге қол жеткізу үшін негізгі капиталға 5 жыл бойы 30 трлн теңге сомасында инвестициялар тарту қажет.
«Бүгінде 12,4 трлн теңге сомасында жобалар пулы анықталды. Яғни, жыл сайын орта есеппен 3 трлн теңгеден қосымша инвестициялар тарту қажет. Тікелей шетелдік инвестициялардың жылдық көлемін қазіргі 24 млрд доллардан 2025 жылға қарай 34 млрд-қа дейін арттыру керек», - деді Үкімет басшысы, инвестициялар тарту үшін өңдеу өнеркәсібінің, отын-энергетика кешенінің, көлік және логистиканың, АӨК пен туризмнің әлеуеті зор екенін атап өтіп.
Инвестициялар тарту жаһандық бәсекелестіктің артуы жағдайларында жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет. Осыған баланысты Үкімет барлық мемлекеттік қолдау шараларын қолданумен және қолайлы инвестициялық ахуал құрумен инвестициялар тарту бойынша проактивті жұмыстарды жүргізе бастады.
ҚР Премьер-Министрі ағылшындық құқықты, жобаларды құрылымдастыруды және тең қаржыландыруды қолдану арқылы АХҚО әлеуетін пайдалану шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды жағдайлар тудыратынын атап айтты.
Әрбір орталық және жергілікті атқарушы орган мен ұлттық холдинг үшін нақты нысаналы индикаторлар қойылады.
Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінде барлық инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қарастырылатын болады.
Өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу - Үкімет жұмысының аса маңызды басымдығы. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша проактивті шаралар іске асырыла бастады.
«Еңбек нарығы тұрақты. Ағымдағы жылғы бірінші жарты жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8 %-ға дейін төмендеді. 186 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 126 мыңы – тұрақты», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы биыл жұмыспен қамту шараларымен қамту, оның ішінде «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту арқылы қамту 4 есеге артатынын және 300 мыңнан астам адамды құрайтынын айтты.
Ағымдағы жылы шағын несиелендіруге шығындар 19 мың адамды қамтумен 85 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар көлемі 37 мыңнан астам адамды қамтумен 18 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап 122 мыңнан астам адамды қамтумен, ТжКБ-дегі жұмысшы мамандықтары бойынша білім алушылардың шәкіртақысы 30%-ға өседі.
«Жалпы, 2019 жылы әлеуметтік сала шығындары 7,1 трлн теңгеге дейін арттырылды. Үкімет әлеуметтік шараларды іске асыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады», - деді Асқар Мамин.