Фото: gov.kz
Жоспарлы жаттығулар өткізген бірнеше жыл ішінде армияда 5 әскери қызметші қаза тапты. Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутат әскери қызметшілер бейбіт уақытта қаза тапқанына тоқтала келе, жоспарлы оқу-жаттығу кезінде мүгедек болу оқиағалары да кездесетінін айтты.
Сенатордың пікірінше, мұның себептерінің бірі – жаттығу кезінде қауіпсіздік ережелерін қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі.
«2017 жылдан бері парашютпен жоспарлы секіру оқу-жаттығуы кезінде Отан қорғаушымыздың бесеуінен айырылып отырмыз. Бұдан өзге, 2019 жылы Маңғыстау облысында әскерилердің оқу-жаттығуы кезінде граната жарылып, сарбаз қолынан айырылды. Осы секілді, әскерде оқу-жаттығу кезінде техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамау себебінен граната жарылып, қару атылып кету немесе басқа да салдар бойынша қаншама фактілер тіркелді. Олардың бірі денсаулықтан айырса, бірі жанынан айырып жатыр. Бұндай оқыс оқиғалар бірнеше мәрте болса да, одан әлі сабақ алмадық. Аталған оқиғалар әскердегі техникалық қауіпсіздік шараларына тиісті деңгейде назар аударылмайтынын байқатты», - деді Геннадий Шиповских Бас прокуратураға жолдаған сауалында.
Еске салсақ, биыл 18 қаңтар күні Астана қаласының маңайында парашютпен жоспарлы секіру бойынша оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты.