29 қаң, 2018 сағат 15:54

16 жасқа дейiнгi балалар ата-ана рұқсатынсыз мешітке не шіркеуге кіре алмайды

Елiмiзде ата-аналардың бiрi қарсы болған жағдайда 16 жасқа дейiнгi балалар мен жасөспiрiмдерге дiни жораларға қатысуға тыйым салу ұсынылуда. Бұл туралы Мәжiлiс үйiнде ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Бүгiн Мәжiлiс үйiнде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне дiни қызмет және дiни бiрлестiктер мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасы таныстырылып жатыр.

«Осы заң жобасының кейбiр нормаларына сәйкес, 16 жасқа толмаған балалар дiни ғибадатханаға, ол мешiт болсын, шiркеу болсын немесе басқа дiни жоралар мен жиындарға тек өздерiнiң кәмелет жасқа толған туыстарымен, заңды тұлғалар немесе ата-аналарымен бiрге бара алады», - дедi Ермекбаев.

Министрдiң айтуынша, ата-ананың бiрі қарсы болған жағдайда бала бұндай жиынға қатыса алмайды. Сондай-ақ, Ермекбаев мектепте хиджаб немесе орамал тағып жүру Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң құзыретiндегi мәселе екенiн атап өттi.

«Өйткенi министрдiң бұйрығына сәйкес, мектепте балалар арасында кез келген алауыздықты тудыратын мәселе - қымбат бұйымдар, қысқа көйлектер, оның iшiнде дiни белгiлер де бар. Сондықтан, бұл мәселе «Бiлiм беру туралы» заңы мен Бiлiм және ғылым министрiнiң бұйрығында өте анық жазылған. Ал қазiргi заң жобасында бұндай норма жоқ. Бiрақ, егер БҒМ осындай норма енгiзуге бастама бiлдiрсе, бiз қарсы болмаймыз», - дедi Нұрлан Ермекбаев.