Ел аумағында төтенше жағдай және жекелеген қалаларда карантин режимі енгізілген сәттен бастап Қазақстандағы теміржол қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев айтып берді.
Министрлік құзырына қарайтын теміржол көлігі бойынша, бұрын 157 жолаушылар және қала маңы пойыздары қатынайтын. Олардың да жұмысы толық тоқтатылды. Қазіргі уақытта теміржол шаруашлығы қызметкерлерін, жұмысшыларды тасуға арналған 24 пойыз ғана қалды», - деді Қ. Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен бірге, ведомство өкілі теміржол бойынша жүк таситын көліктерге шектеу қойылмағанын еске салды.
«Одан бөлек, жергілікті әкімдіктерге қарайтын автокөлік бойынша, сырттан келетін және ішкі маршруттағы автобустарды тоқтаттық. Көліктер жұмысы жергілікті әкімдікке қарайды. Сондықтан оларға өз пікірімізді жіберіп, сапаржайларды уақытша тоқтатуды ұсынып жатырмыз», - деді ол.