10 жел, 2025 сағат 13:23

150 кәсіпкер мен 4 миллион оқушы: Депутат мектеп тамағы мәселесін көтерді


Фото: yandex.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерден соңғы уақытта жаппай шағым түсіп жатқанын айтып, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Оның пікірінше кәсіпкерлердің мәселесін шешпей, еліміздің төрт миллионнан астам оқушысының денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін, ұлттық деңгейдегі дағдарысқа ұласу қаупі төніп отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2025 жылғы 4 наурыздан бастап мектеп тағамына арналған жаңа Тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Аталған стандарт ет, құс еті, сүт өнімдері, көкөністер, жемістер, жарма және өзге де азық-түлік топтары бойынша тұтыну нормаларын айтарлықтай арттыруды көздейді.

Депутат "бұл, сөзсіз, балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Алайда, жергілікті атқарушы органдар жаңа стандарт талаптарына сәйкес азық-түлік сатып алу мен тамақтандыруды қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алмай отыр, себебі бөлінетін қаражат бұрынғы деңгейде қалып отыр" деп есептейді. Яғни, Стандарт бар — талап бар, бірақ соған сай нақты қаржылық база жоқ. 

"2025 жылғы қыркүйек айындағы 12,2% инфляция кәсіпкерлерге бір соққы болса, жаңа стандартты бұрынғы бағамен орындау міндеті екінші соққы болып отыр. Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұған дейін де мектептегі ыстық тамақтың құны назарға алынған: 2024 жылы Үкіметте өткен брифингте бір баланың тамағына орта есеппен 580 теңге, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш орташа есеппен 631 теңгеге дейін ғана өскені хабарланды. Бұл — азық-түлік инфляциясы қарқынына мүлдем сәйкес келмейді. Жаңа Стандарт жұмсалатын шығындарды 25–45%-ға арттыруды талап етеді. Алайда тамақтандыруды қаржыландыру нормативі өзгеріссіз қалып отыр — Астана қаласы үшін бір бастауыш сынып оқушысына 714 теңге, Солтүстік Қазақстан облысы үшін 750 теңге, Оңтүстік өңірлерде 484–650 теңге аралығында ғана. Мұндай жағдайда Стандарт талаптарының бұзылу қаупі бірнеше есе артады", - деген депутат Смолякова кәсіпкерлер азық-түлікті өте қымбат бағамен сатып алып жатқанына шағымданды.


Оның сөзінше ол тіпті 714 теңге көлеміндегі тамақтанудың өзіндік құнына да сыюға мүмкіндік бермейді. Мәселен, сиыр етінің көтерме бағасы 1 кг үшін 4 200 теңгеге, сүт — 394 теңгеге, құс еті — 1 650 теңгеге, сарымай — 1 225 теңгеге, балық — 1 400 теңгеге дейін жетті. Мұндай кіріс бағаларымен қолданыстағы лимиттер аясында балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету мүмкін емес.

"Бұған қоса, кәсіпкерлер: асхана аумағында қажетсіз, ас дайындауға қатысы жоқ қымбат жабдықтарды жалға алуға мәжбүр, оқушы өзге мектепке ауысқанда электрондық жүйедегі тамақтану деректерінің жоғалып кетуінен тікелей қаржы шығынына ұшырайды, азық-түлік бағасының нақты нарықтық бағамен емес, статистикалық көрсеткіштермен есептелуі де ауыр салмақ түсірілуде", - деп отыр ол.


Бүгінде еліміз бойынша 150-ден астам кәсіпкер және 70 мыңға жуық адам осы салада еңбек етеді. Олардың қазіргі жағдайы депутатты ерекше алаңдатады.

"Нәтижесінде қаражат тапшылығы жағдайына қарамастан әкімдіктер кәсіпкерлерден Стандарттың сақталуын талап етеді, кәсіпкер — сапасыз, шығу тегі белгісіз импортпен келген, бақылауы әлсіз арзан өнім сатып алып, Стандартты бұзады, не болмаса жұмыстан бас тартып, мектептерді тамақсыз қалдырады. Бұл қандай салдарға әкеліп соқтырады? Күмәнді тамақ, 4 миллионнан астам оқушының денсаулығы", - деп қайырды Екатерина Смолякова.


Мәжіліс депутатының Олжас Бектеновке қойған сауалында:

"Бүгін ата-аналар да, кәсіпкерлер де, қоғам да бір сұрақты жиі қойып отыр: біз басқа салаларға қаражатты оңай таба аламыз да, неліктен дәл балалардың күнделікті тамағына келгенде үнемдеуге мәжбүр боламыз? Бұл — айыптау емес. Бұл — мектеп партасында отырған әр баланың күн сайын не жеп жүргені туралы сұрақ. Бұл — басымдықты қайта қарау қажеттігін көрсететін сұрақ", дей келе ол Бектеновтен салалық министрліктерге келесі тапсырмаларды беруді сұрады:


1. 2026 жылдың 1 қаңтарынан мектептегі тамақтандыруды қаржыландыру нормативтерін қайта қарап, нақты бағаның өсуіне және жаңа Тамақтану стандартының талаптарына сәйкес индексациялауды қамтамасыз ету.
2. Жергілікті бюджет мүмкіндігі жеткіліксіз өңірлерге Үкімет резервінен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру.
3. Маусымдық, өңірлік ерекшеліктерді ескеру, мәзірді жергілікті өнімдерге бейімдеуді, (мысалы, солтүстік өңірлерде тағамның калориясы жоғары болуы тиіс), логистиканы және нақты бағаның өсуін ескере отырып, барлық өңірлер үшін міндетті бірыңғай республикалық мектеп тағамының құнын есептеу әдістемесін әзірлеп, бекіту.
4. Жеткізілетін өнімдердің сапасына бақылауды күшейту, соның ішінде «сұр» импорт пен арзан баламалардың жеткізілмеуін қадағалау.
 

"«Respublica» партиясының мүшелері — кәсіпкерлер. Олар жұмыс орындарын ашып, салық төлейді, бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастырады және сол арқылы балаларымызға лайықты өмір сүру жағдайын қамтамасыз етеді.  Ал осы қаражатты дұрыс, жауапты және әділ бөлу, балалардың жағдайын жасау — Үкіметтің тікелей міндеті деп білеміз", -деп сөзін қорытындылады депутат.