19 мам, 2021 сағат 10:03

15 мыңнан астам шетелдік азаматтың Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсаты бар


2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 15 443 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: 

- бірінші санат – 650 (басшылар және олардың орынбасарлары)

- екінші санат – 3 246 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). 

- Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады, бұлар тиісінше - 7 511 адам және 488 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 723 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 825 адам тартылған.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 718 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 478 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96 пайызын құрайды», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер мынандай: Қытай – 3 656 адам, Өзбекстан – 1 741 адам, Түркия – 1 588 адам, Үндістан – 1 090 адам, Ұлыбритания – 930 адам.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мыңды құрады.