Фото: gov.kz
2025 жылдың 15 қарашасынан бастап Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою ережелері жаңартылады. Тиісті өзгерістер Индустрия және құрылыс министрінің жаңа бұйрығымен бекітілді.
Биылғы 24 мамырдан бастап еліміздің кез келген азаматы соңғы бес жыл ішінде өз меншігінде баспанасы болмаса, тұрғын үй кезегіне тұра алатын еді. Алайда қарашаның ортасынан бастап бұл талаптар қатаңдай түспек.
Жаңа ереже бойынша азаматтарды тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке алу мына жағдайларда жүргізілмейді:
соңғы бес жылда өз атына немесе отбасы мүшелерінің атына тұрғын үй тіркелген болса;
мемлекеттік немесе ведомстволық тұрғын үй қорынан пәтер алған болса;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген не жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайы бар болса;
ұсынылған құжаттарда жалған немесе дәйексіз ақпарат анықталса;
бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алып, оны жекешелендірген болса;
жеңілдетілген ипотекалық немесе мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы пәтер сатып алған болса.
Яғни, жаңа талап бойынша жекешелендірілген баспанасы барлар және мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысқандар тұрғын үй кезегіне қайта тұра алмайды.
Бұл өзгерістер 2025 жылдың 15 қарашасынан бастап ресми түрде күшіне енеді.
