2017 жылдың 29 қыркүйегінде Қазмедиа орталығында Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаевтың және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Д. Мыңбайдың қатысуымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша жұмыс тобы мен сарапшылық топтың кезекті отырысы өтті. Сондай-ақ, отырысқа жобаның ұйымдастырушылары мен қоғам белсенділері де қатысты, деп деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елбасы ұсынған Рухани жаңғыру бағдарламасының аясындағы бұл жоба - өнерімен, білімімен, қоғамға сіңірген еңбегімен ерекше қасиетімен дараланған талантты азаматтарымызды анықтайтын ауқымды жоба. Жаңа есімдерді анықтауда жұртшылық та жоғары белсенділік танытты. Биылғы жылғы 7 маусымнан бастап 15 қыркүйеккке дейін еліміздің түкпір-түкпірінен жобаға қатысушылардан өтініштер қабылданды. El.kz порталында 2212 кандидаттың өтінімі тіркелді. Қазіргі күні оларды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай жұмыс тобының алға қойылған мақсат жолында үлкен іс-шаралар атқарғанына ризашылық білдіре келіп, тіркелген азаматтардың табыстылығының сыры, олардың жүрген жолдары туралы «Ұлы Даланың жаңа есімдері» деген атпен әлеуметтік желіде де топ құрылғанын айтты. Жалпы, онда тартылған адамдардың саны 6 мыңнан асып кетіпті. Қазір оларды қолдау мен талқылаулар жүріп жатыр. Сонымен қатар, 15 қыркүйекте өтінімдер қабылдау аяқталып, енді әрі қарай жұмыстар министрлікпен бірлесіп жасалады, деді ол. Д.Мыңбай Ассамблея құрылымдарының бұл іс-шараға айрықша белсенділікпен қатысқанын атап өтті. Олардың қатысуымен 520 адамның өмірбаяндары тіркеліпті, ал түскен ұсыныстардың саны 900-ге жуық екен. Ассамблеялықтар тізімге ұсынған кандидаттардың қатарында ол мысалға, «Родина» ауылдық округінің әкімі Бэла Газдиеваны атап, оның өз жұмысын белсенділікпен атқарып, үздік ұсыныстарымен көзге түсіп жүргенін, сонымен қатар, 26 жасында кандидаттық диссертация қорғағанын жеткізді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының 28 жасар тұрғыны Қуаныш Жұмабеков ағылшын тілін жеңіл жолмен үйрену оқулығын жасап, оның үздіктігін түркиялықтарға мойындатып, сол елде бастырған және өзі бірнеше тілді меңгерген полиглот, аудармашы, ғалым екен. Бұрын есімдері халыққа белгісіз болып келген азаматтарымыз көп және олар қазақ пен орыс арасынан ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері арасынан шыққан, деді ол.
Ал «Астана қаласы теледидары» ЖШС бас директоры Ләззат Танысбай жұртқа жаңа көрсетілген фильм сияқты 10 деректі туынды түсіріліп, оның бәрі эфирден берілетінін жеткізді. «Біздің қызметкерлеріміз бұл жұмыстарға белсене кірісіп, шығармашылық шабытпен жұмыс істеуде. Жаңа есімдердің көбін біздің журналистеріміз бұрын білмеген, енді олармен етене таныса келгенде өздерінің таңырқауларын жасыра алмауда. Бұрын біз кез келген саланың жұртқа белгілі адамдарын ғана көрсетіп, мақтаныш ететін болсақ, енді өнерлері мен табысты істері халыққа білінбей келген талантты адамдардың бізде өте көп екеніне көз жеткізіп жатырмыз», – деді ол.
Министр Д. Абаев болса өз сөзінде қатысушыларды іріктеуден бөлек олардың табыстарының тарихын ақпарат құралдарында жан-жақты көрсете білу де аса маңызды екенін атап өтті. «Сонда ғана бұл шара тәрбиелік әрі идеологиялық тұрғыдан өз жемісін бермек» - деді министр.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл бағытты іске асыру бойынша жүйелі шараларды қолға алған. Атап айтқанда, «100 жаңа есім» атануға үміткер азаматтар туралы деректі фильмдер циклі түсірілуде.
Отырысс соңында қатысушылар осы фильмдер арасынан «Астана» телеарнасы түсірген фильмнің үзіндісін тамашалады.