16 қыр, 2017 сағат 09:00

"100 жаңа есім". Сахнадағы даналық немесе талант тағылымы

1. Өтеуіл қарттың өнегесі

Жер жаннаты Жетісудың тау бөктерінде, өзен жағасында Шошанай ауылы орналасқан. Ұйғыр ауданы атанғанымен, қазақ ауылы. Жаз туса балалар тауға кетеді. Нұркеннің атасы мен апасы Қызылтекше деген жерге барады. Атасы Өтеуіл колхозда арпа егеді, күзетші. Тау, сай-саладан сарқырай аққан бұлақтар құяр арнасы өзен. Тіктеріскей, Қарашағыл, Есексай, Кертас, Төтесай, Базарсайды көктей өтіп, Қызылтекшеге шығады. Жіңішке деген жер бар. Таудың үстінде көл бар, алтын кеседей əдемі. Көлден асып түссе, «Сырт» дейді. Сол тұстан жолаушы қырғызға кетеді. Тау үсті жазық, арпа егеді. Жазда Нұркен үш ай бойы ата-апасы Өтеуіл мен Ұлдаханның қасында болады. Атасы Өтеуілдің шешесін көзі көрді, есімі Зəуре, бес жасында қайтты. Үлкен əжесі өзін қолынан жетектеп жүргені есінде. Қазақ халқы көп жасаған кəрісі дүниеден өтсе, той дейтін салтымен Орынкүл мұғалім бес жасар ұлға: «Кəмпит жесең, əне, апаң береді!» – депті. Үлкен шешесін жерлемес бұрын шымылдық ішіне жатқызып қойса, өліп қалған кісіге барып, бұл бала кəмпит сұрапты.

Өтеуіл атасы 8-9 жасында қолына мылтық беріп, сайға жіберді. Көрші бала Нұркеннен 3-4 жас үлкен, тауға барып, қоян атайық деп ертіп əкеткен. Қас қарайып, кеш қалай батып кеткенін аңшылық қызығымен екі бала білмей қалды. Дөңге шығып Ұлдахан апасы: «Нұркен!» деп беймаза дауыспен айқайлап тұрғаны құлағына шалынды, сарыны бір таяқтың ұшын сездірді. Сол күні үйіне жылап келді. Ит үрді, əкесі Əшімхан аулаға шықты. Бала есекті жетектеп, ақырына əкеле жатыр, ер тоқымын алды. Əкесі шыбықпен тартып жіберді, апасы: «Ұрма!» деп үстіне құлады. Əкенің жалғыз мəрте ұрғаны бала жадында бекіп қалды. Енді ойласа, анасы Жəмила балаларын мықты тəрбиелеген екен, бірдеңе бүлдірсе, «əкең білмесін» деп отыратын. «Əкең білсе не болар еді?». Əкені сонша биік етіп көрсету, асқар тау қып таныту қазақы тəрбие ұстанымы.

Өтеуіл қарт немересіне балалық шағын көп айтатын. Үйде Абайдың кітабы бар, ескі, Алматыдан түптетіп əкелді. Абай өлеңдерін атасы жатқа айтады. Нұркен асыр сап ойнағысы кеп тыпыршып, өлең біткенше шыдамай, жіпсіз байланып, торға түскен құстай зарығып, іштей наразы, əзер отырғаны. Атасы мұны далаға оңайлықпен жібермейді. «Мына бетті аш, кəне, дауыстап оқы!» – дейді үлкен кісі бұйрық раймен. Ол кезде кейін үлкен сахнаға Абай бейнесін алып шығарын қайдан білсін. Қазір Нұркен ата салтын ұстанып, екі ұлына Абайдың қара сөздерін оқытып, өлеңін жаттатса, солар арқылы құнарлы қайнарды қанып іше беруге, тың түсінік алуға өзі икем.

Таудағы қарағаш, сарыағаш, долана, арша, алма ағашы ат жүретін, адам жүретін тұста өсіп тұрса, көзіне кіріп, біреу арандап қалмас үшін тік бұтағын атасы тазалатады. Тау өзенінде тасты жолдан алдыртады.

Өтеуіл ата 1919 жылы туған. Балалық шағында үстінде киімі жоқтың қасы екен. Жазда жалаңаяқ тазы жүгіртеді. Атасы жасынан аңшы, сынықшы, ертоқым, бұйымдар жасайды. Бір күні əкесі інісі Өтеуілхан екеуін оятып, үйге арбамен солдаттар келгенін айтады. Олардың тіске басар қорегі бар. Əкесі қапты тесіп, бір уыс арпа түсіріп алып, біраз қорек қылған. Атасы бала күннен қоян аулаған. Өтеуілхан соғыста жоқ болды. Соңғы хатын Дон өзені жағасынан өлеңдетіп жазыпты. Атасы Польшаға табаны тигенде Галя есімді медсестра емдепті. Өтеуіл атасы қосағына əзілдеп: «Сені емес, Галяны алғанда ғой», – десе, апасы теріс қарайды, наразы. Атасы ұрысса, апасы тырс деп үндемейді. Қора жаққа барса, апасы атасымен сыртынан ұрсысып жүретін. Есейгенде ойласа, қандай сыйластық! Бір-біріне қатты сөз айтпайтын. Апасы енесімен өте тату болды. Немерелеріне боқтық сөз айтқызбайды, тыйып тастайды. Нұркен ағасы Бағланды өзін боқтағаны үшін үлкендерге ұстап беріп, сазайын тартқызғаны бар.

Атасынан тал қалған, аулада өте жуан үйеңкі ағаштары  өсіп тұрады. Алма ағаштар түйін салса, хош ырзық молаяды. Атасы «Мен өлгенде кесесіңдер», – деп үйеңкінің ескі түптерін кескізбейді. Баба ізі қалған аулаға жас көшет, ағаш егу дəстүрі бұл əулетте атадан балаға мирас болып келеді.

 2. Амангелді Сембиннің тәрбиесі

13434844_471012723023387_1629802008810797751_n

Нұркен əкесінің баян, гармонь тартқанын, домбырада шебер ойнағанын көзі көрді. Өткен ғасырдың 60-жылдары жастар көшеде баян тартып жүретін дəстүр болған. Өнерге құштарлық отбасынан өрбиді.

Қазақ баласы мамандық таңдауда əуелде ата-ана ырқына бағынады. Ауылға үздік бітірген мектеп бітірушіге арналған қос қағаз келді. Нұркен біреуін иемденгенде əке-шешесі: «Балам, өнер жолы қиын, оны қайтесің, дұрысы ел қатарлы мал дəрігерлік оқуға түс!» – деп қиыла айтты. Ол Алматы малдəрігерлік институтына тапсырып, түсе алмай қалғанда Бекжан ағасы да, өзі де қатты қуанды. Бекжан інісін Мұхтар Əуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына реквизит жұмысқа кіргізді. Реквизит – театр бутафорлары, киім тігетін цехы, мүліктері, заттары. Қара жұмыста жүріп, жас жігіт бір жылда актерлік жолға əбден дайындалды.

Сахна сыртын, шымылдықтың арғы жағын, үлкен спектакльдерді көрді. Арман қанаты ұлғая түскен. Сөйтіп жүріп, Нұркеннің мұрнында Мұхтар Əуезов театрының иісі қалған. Бала арманның басы сияқты, «шіркін-ай!» деп қиялдауға көшкен. Мұхтар Əуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының белді актері Бекжан Тұрыс Нұркенмен аталас туыс. Мамандық таңдауына Бекжан ағасының себі тиді. Көркемөнерпаздар үйірмесінде Нұркен оркестрде отырды. 1988 жылы алғашқы Наурыз мейрамы тойланғанда ала есекпен Тазша бала болып ойнады. «Игай-ай, игай, игай-ай!» – деп ескі əуенге салмай ма, бұл қайдан шыққан деп ел таңғалды. Бекжан Тұрыс Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүрген кезі, інісін сыртынан көрді. «Сен енді актерлікке дайындал!» – деп Бекжан Нұркенді жыр жаттауға, сахна талабын білуге көктемде баули бастады. Нұркеннің əкесі Əшімхан əйгілі ұста Дəркембай Шоқпарұлымен дос болатын. Дəркембай Шоқпарұлы музейінде Өтеуілдің балдағы тұр, бүркітті қондырған кезде қоятын асатаяқ. Ұстаның үйінен Нұркен бала кезінде Нұрғиса Тілендиев, Серік Қонақбаев сияқты əйгілі адамдарды көретін. Алты жасында домбыра тартқанын көріп, Дəркембай ұста əкесіне «мына балаңды музыкалық мектепке бер» деп ақыл қосқан. Нұркенді бірінші класқа қабылдайды. Интернатта жатып оқуы керек. Екі көзі жаутаңдап, кішкентай балалар алдынан жүгіріп шыққанда, Əшімхан баласын əкеп тұрып, обалсынып, кері алып қайтты.

Нұркеннің ойынша, мықты актер болу үшін алдымен рухы мықты адам болу керек. Рухани қуат ішкі күштің жасампаз көрінісі. Орта буында қазіргі ресейлік кино жəне театр актерлері К.Хабенский мен С.Безруковтың жеткен биіктері интеллектуалды аса білімді қалыбынан бастау алады. Қазақ актерлеріне осы қасиет жетіспейді, ертегідегі Əли баба мен қырық қарақшы торитын сиқырлы қазынадан еш кем түспес интеллектуалдық қордың алтын кілтін, таусылмас кенішін ұлы мəртебелі кітап тудырған һаріптің асқан құдіретімен игеру жағы кемшін. Қазақтың ұлы актері Нұрмұхан Жантөрин

Құдай бұйыртқан əр рөлін зерттеу арқылы оқымаған кітабы жоқ, энциклопедиялық білімі болған деседі. Актерлік тума талант аздық етері анық, кино мен театрда Нұрмұхан Жантөриннің əр рөлі дараланып тұруы соның арқасы.

11204415_516960971787643_4195200254875029720_n

Əлемдік руханият қайнарын танып білген жазушы-драматург Асқар Сүлейменовтің ұлттық құнар байи түсуге, елдік ірілікке тілекші сөзі айқын: «Жазушыдан гөрі сыншының сауатсыз болуы қатерлі». Шығармашылықта көп дүние пендешілікке бұра тартып кететіні терең білім жоқтығынан. Қазақ биік мақсатты көздеп, ұлтты, руханиятты ойласа, ұсақталудың кесірі болмас еді. Рухани дағдарыс өнердің барша саласын шарпып тұрғаны ащы шындық. Отан отбасынан басталады. Сырт көзді ғана ойлау, ішкі дүниені ойламау, жабуды жаба тоқу, дертті жасыру түбірімен қате. Рух құлдырап тұр. Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің «Əдебиеті мен өнері ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды», – деп шегелей айтуы сондықтан. Абай өсиетінде бақ-береке қағидасы жасырулы: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бəрі – бос».

Т.Жүргенов атындағы Өнер институтында Кəукен Кенжетаев, Амангелді Сембин, Мұрат Əбзелбаев, Есім Сегізбаев, Əшірбек Сығай сабақ берді. Вокалдан беретін Амангелді Сембин шəкіртін баласындай көретін. Мұндай ұстазды бірінші рет көрді. Амангелді аға Нұркеннің бетінен сүйіп, маңдайынан иіскейтін. Топтағы студенттің əрқайсысына бауырмалдықпен қарады. Ол кезде Нұркен темекі шегетін. Бір күні дайындықта дауысы керемет шықты. Бойында таза таланттың табиғаты бар, аса сирек дауысымен шетелді мойындатқан қас əнші Амангелді Сембин шəкіртінен: «Темекіні қойдың ба?» – деп сұрады. «Иə». Бауырына қысып, жылап жібере жаздады. Ұзамай Нұркен рахаттана темекі тартып тұрып, тыға қойғанда түтінді көріп қалады. Амангелді аға оның бетіне қарап: «Нұркен, ит екенсің!» – деді. Студент сабақтан безіп кетті, қарауға бет жоқ. Екі жұмадан соң Сайлау арқылы шақыртып алды. «Дауысыңды аясаңшы, өзіңді аясаңшы», – деді.

Студентерге өте мейірбан адам еді. Аты дардай, Құдай берген дарыны күшті адамды жан-жақтан қысып жібергенде сынып кетеді екен. Амангелді Сембин аудиторияда сырын білдіре бермейтін, бірақ көзі мұңды, қарасудай шүпілдеп тұратын кезін аңдаған. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бір пікірінде ла

Скалада əн салған жалғыз қазақ Амангелді Сембинді бағаламай, қас дарынды көре алмай, іштарлық қылған, өмірден ерте озуына əсер еткен имансыз бақталастықты жирене айыптап еді.

Амангелді Сембин Мəскеуде консерваторияда оқыған. Операдан əртүрлі партия орындағанда, ең жоғары нотаны  алғанда тыңдаған жұрттың есі кетеді екен. Өте сұлу адам, шашы аппақ. Ішкі мəдениеті кіршіксіз жоғары. Қай бала болсын алаламайды. Жұмсақ, айтар сөзі «айналайын». Бір ренжігенін көрмейсің. Тұрмыстық əңгімеге жоқ, түк демалмайды, көйлегін шешіп, қара терге шомып отырғаны, студенттің дауысын жаттықтырудан, дауыс қоюдан еш шаршау жоқ. Концертмейстрі фортепианода отырады.

3. Кәукен Кенжетаевтың қамқорлығы

12472684_1551354528519129_6470024743706188084_n

Нұркеннің курсы жұлдызды курс атанды, көбі театрға барды. 1994 жылы оқуға түсіп, 1998 жылы бітірген топ: Сайлау Кəмиев, Қуандық Қыстықбаев, Қанат Жүнісов, Бағлан Иманғазиев, Айнұр Бермұхамбетова, Айзада Сатыбалдиева. Өтпелі кезеңнің қиын шағында өнерге тек құлай сүйген жандар ұмтылды. Нұркен жарты жыл бармаған соң шетел театры пəнінен оқытушы емтиханға кіргізбей қойған. Құдай оңдайын десе, оп-оңай екен. Көңілі қам, басы салбырап келе жатса, алдынан Кəукен аға кездесті. Нұркен қабағын түйіп, салқын амандасты. Кəукен Кенжетаев ғадетінше, «Жиырма бес-ай!» – деп əндетіп келеді екен. Өзі жазған музыкалық комедияда Алдар Көсе рөліне Нұркенді дайындап жүрген. «Не болды?». «Баға қоймайды». Ол кісі Нұркенді қолынан жетектеп алып, таяғымен есікті ашып, емтиханға кіріп келді. Оқытушының алдына зачетканы  қойып: «Мына балаға «5» қой!» – деді. Ол  Нұркеннің бетіне жаман көзбен қарады, амал жоқ, зачеткаға айтқан бағасын таңбалады.

1999 жылы актриса Айнұр Бермұхамбетова екеуі дəм-тұзы жарасып, отбасын құрды, балалары ана тілін ардақтап, өнерге талпынып өсіп келеді. Елордаға көшіп келген соң жас отбасы 2006 жылы Елбасының қолынан пəтер алды. Сол уақытта Астана қаласы əкімінің орынбасары болған Ермек Аманшаевтың өнер адамдарына үлкен көмегі тиді, театр саласына бүйрегі көбірек бұратын. Нұркен тетелес ағасы Араймен қатар үйленді. Қазақ салтында қос келін бірге түссе, бірі есіктен, бірі тесіктен кіруі керек. Жеңгесі Жанар есіктен кірді. Айнұрды терезеден енгізіп алды. Апасы бала күнінде ауылға келін түссе, «Келінді жердің түбінен алыпты, көршінің қызы Қарағандыға кетіпті», – деп отыратын. Айнұр Арқа жақ, Арқалықтың қызы. Келіндер күнұзақ қазан-ошақ маңынан шықпайды. Айнұр үлкен қазанды көргенде есі шықты. Үйден қонақ арылмайды, дастархан жиылмайды. Келіншегі бір күні орама тамақ жасады, тұзы жоқ, шикілеу екен. Нұркен «атам не дер екен?!» деп қабағымен бағып отыр. Атасы асты шайнап отырып: «Міне, тамақ деп осыны айт!» – дегені. Қазақтың келінін туған қызындай көретін бекзат мінезі. Көш жүре түзелетінін білген соң айтқаны. Нұркен күлкісін жасырғанмен, «осындай көргенді ақсақал бола  аламыз ба?» деп зер-деге мықтап түйіп қойды. Жұбайы Айнұр Бермұхамбетова 2015 жылы республика бойынша ең үздік актриса атағын жеңіп алды.

4. «Абайды айқайламай-ақ ойнауға болады»

Пьеса құндақтаулы сəби, ары қарай өсіріп, жетілдіретін – режиссер, актер. Актер ізденісте болуы зор бақыт. Нұркен бастан талай кешіп жүр, үлкен рөлдерде актер спектакль біткен сəтте қаусап шығады. Психологиялық терең сүңгу оңай емес. Сахнада үзіліс, 30 секунд өте көп. Актер соны ішкі болмысымен толтыру керек. «Абайдың үні – халықтың үні. Ол бізге жетті. Ол бізден кейінгілерге де жетті», – дейді Мұхаң. Гамлет, Абай образы ешкімге оңай соқпайды. Бұл рөлдерге актер қауымы нешеме сатыдан өтіп келеді. Образға ену алпыс екі тамырға əсер етеді, актер бөгде жазмыштың құса-наласын жүрекпен қабылдайды. Бір жарым сағатта бір адамның, таңдаулы тұлғаның бүкіл өмірін алып шығу атан түйе белі қайысар ауыр жүк. Əдебиеттегі қос жарылу нағыз актерлерде бар. Нұркен спектакль біткен соң өзіне-өзі келіп, ой елегінен өткізеді. Образға кіріп кетіп, одан шыға алмау бойында жоқ. «Абайды айқайламай-ақ ойнауға болады ғой», – дейтін марқұм Əшірбек Сығай.

«Біздің қоғамдағы Абайды ойнағым келеді, – деп қалды Нұркен. – Абай жұмбақ жан ғой, біз соны əлі шеше алмай келеміз. Əулие, абсолюттік деңгейге көтерілген адам. Біздің заманның қаһармандары шоу-бизнесте жүргендер. Жастарды солар тəрбиелеп жатыр. Ұлттық идеология əлсіздігінің кесірі. Қазір жұрт қалтаңа, қызметіңе қарап сыйлайды. Қазақ рухани жағынан езілмеуі, жүнжімеуі керек». Актерді толғандыратын көкейтесті ой өзегі осы.

Нұркен Өтеуілов сахнада ұлт көсемдерін ойнағысы келеді. Əлихан, Ахмет образын халыққа жеткізу керек. Абайды моноспектакль арқылы да алып шықса, шіркін! Актер асыл тұлғаларды халыққа насихаттау жағы аз екеніне қынжылады. Актер ретінде өз замандастарынан драматург жоқтың қасы екені қапа қылады. Театр үздіксіз жаңа дүниеге мұқтаж болуы уақытқа ілесе жаңғыра берер, дүние басы қозғалыстан туындай берер өмір талабы. Жарық дүние туралы дөп өлең: «Загадочна, глубоких тайн полна, Идущая на сцене пьеса» (А.Жемчужников). ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов бір амплуа актері емес. Ол сахнаға шыққанда арқаланып кетеді. Абайды ойнаған сайын оның рөлі байып отырады. Рухани сауалдар актер жанын өсіреді, Абай мұны не үшін, неге айтты? Комедиялық рөлдерге Нұркеннің етене еніп кетуі қапысыз. Комедия нюанстары көп, қиын əрі қызық жанр. Драманың сан-алуан жанрын актер жаратылысы қиналмай көтереді. Комедия, трагедия, драма табиғатына енуі қамшы салдырмас қас тұлпарға ұқсас. Оның «Қымбатты Памелла» атты пьесадағы образы алаяқ Сол Бозо: «Мен жауларымды жек көремін. Іштей атып өлтіремін», – дейді. Адамшылық қақпасын бұзып-жарып ауыр күнəға бармайды.

13445244_637370179757294_407251918660680088_n

Театрдың  қуат-күші орасан, халық иелігіндегі мəңгі тозбайтын ұлы патшалық. Ақын, драматург, сыншы, аса ағартушы, ірі өнер теоретигі, ұсақ-ұсақ, ергежейлі 365 мемлекетке бөлініп, қиқымдалған, басы бірікпеген феодалдық Германияда өмір сүрген Готхольд Эфраим Лессинг (1729-1781) театрды үшінші сословие, қараша, қара бұқарамен тілдесе алар жалғыз кафедра, иісі адамзатты тəрбиелейтін биік мінбер деп санаған.

Актерлік штамп, даяр қалыпқа түспеу керек. Өмірі ізденісте жүретін актер ұта бермек. Режиссер Дина Жұмағұлова Нұркенді Қарағанды театрына шақырып, Шекспирден бас қаһарманды ойнатты.

2012 жылы Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің IV Халықаралық театр фестивалінде (режиссер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов) ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов  Гамлет рөлі үшін «Ең үздік ер бейнесі» атауын жеңіп алды. Сахнада мен көрген Нұркен Өтеуілов табиғи жаратылысымен шебер, шынайы актер. Күш салмайды. Уильям Шекспирдің «Гамлет» атты трагедиясында ханзада Гамлет, Мұхтар Əуезовтің «Абай» атты трагедиясында (реж. Ə.Оразбеков) дана Абай, Иоганн Штраустың «Жұбайлар жұмбағында» (реж.Н.Жұманиязов) ақсүйек Генрих Айзенштейн, Дж.Патриктің «Қымбатты Памелла» атты комедиясында (реж. Ю.Ханинга-Бекназар) алаяқ Сол Бозо, В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасында əскери шенді зымиян Федоровский (реж. Т.Теменов), М.Əуезов, Қ.Ысқақовтың «Қараш-Қараш» атты əлеуметтік драмасында (реж. Ə.Оразбеков) жас мырза Жарасбай, А.П.Чеховтың «Шие» атты комедиясында («Шие бағы», реж. С.Потапов) көпес Лопухин-Балташ рөлі. Бұл кейіпкерлердің əрқайсысы жаратылыс болмысы  бір  құрлық, бір мұхит, бір арал, бір түбек, бір көл сияқты көкжиегі алшақ, жеке көсіліп жатыр, əрбіріне тəн ерекшелік, дара құбылыс бір-бірін атымен қайталамайды. Нұркен Өтеуілов тұлғасы кинематография үшін нағыз қазына болар еді деп ойлаймын. Кинорежиссер қауымы бұл актерді сахнада көрсе, Қазақстан ғана емес, ресейлік фильмдерге де түсірсе, бағы асып, жарқырай түсеріне күмəнсіз сенемін.

Айгүл Кемелбаева