Үкімет отырысынан кейін ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қырғызстан бас тартқан 100 млн доллар көлеміндегі техникалық көмек жөніндегі келісімшарттың күшін жою оңай шаруа емес екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Сүлейменов отырыстан шыға салысымен журналистер одан Қырғызстанға берілмей қалған 100 млн доллар қандай мақсатқа жұмсалатынын сұрады. Министр алдымен қос ел арасында жасалған келісімшарттың күшін жою қажеттігін алға тартты.
«Қазақстан Қырғызстанға беретін 100 млн доллар көлеміндегі көмек туралы келісім шарттың күшін жою қажет. Бұл - оңай процедура емес. Біз арадағы келісім шартты ратификациядан өткіздік қой. Ол құжат Қазақстан парламентінде қаралған. Енді құжаттың күшін жою үшін бізге ішкі процедураларды жүргізу қажет. Осы процедуралар аяқталғаннан кейін шешім қабылданады. Алайда бұл мәселе келесі жылдың ақпан айында нақтыланады», - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, Қазақстан Қырғызстанға Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сай келуі үшін 100 млн доллар көлемінде техникалық көмек көрсетпек болған еді. Алайда қырғыз тарапы бұл көмектен бас тартты.