23 қыр, 2022 сағат 17:08

"10 сағат тұрдық". Қазақстандық жігіт Ресеймен шекарада не болып жатқанын айтты


Қазақстандық Әнуар (есімі өзгертілді - авт. еск.) бүгін түнде 10 сағат бойы Қазақстан - Ресей шекарасында кезекте тұрған. Ол түнде шекарада қандай жағдай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Әнуар эвакуатор жүргізеді. Ол бір апта бұрын Ресейге жұмыс бабымен барған. Ал кеше көлігімен Қазақстанға қарай жолға шығыпты. 

"Түнгі 02:00-де шекара маңында кептеліске тап болдық. Шекарадан өтпек болып тұрған көлік өте көп екен. Жеңіл көлікпен жүрген кейбір ресейлік кептелісті айналып, шекарадан жылдам өтіп кеткісі келді. Салдарынан кезек бұзылып, байбалам болып кетті. Сол кезде жүк көлігімен жүрген қазақстандықтар оларды тоқтатып, кептелісті реттеді. Кейін полицейлер келіп, бәрі кезекке тұрды", - дейді ол. 

Оның айтуынша, кептелісте тұрғысы келмей асыққандар көлігін тастап кеткен екен.

"Ресейліктер кептелісте көлігін тастап, сөмкелерін, керек заттарын алып, жаяу кетіп жатыр. Жолдан біз сияқты эвакуаторлардан "қанша ақша сұрасаң да төлеймін, көлігімді жеткізіп берші" деп сұрады. Бірақ эвакуаторлар бас тартып жатыр, себебі артқа қайтып, көлікті алып, кептелісте қайта тұрғысы келмейді", - дейді Әнуар. 

Ол сөмкемен жаяу кетіп бара жатқандардың дені жастар екенін айтады. 

Қазақстандықтың айтуынша, кептеліс бірнеше шақырымға созылып жатыр. Ол "шамамен 10 шақырымнан асады" дейді. 

Көлік көп болғаны сонша Әнуар таңды кезекпен атырғанын айтады. 10 сағат шекарада күтіпті. 

"Шекараға түнгі 2-де жеткен едім, бүгін түскі 12-де ғана Қазақстан шекарасынан өттім", - дейді ол. 

Бұған дейін Ресейден Қазақстанға көшіп келушілер санының көбеюіне байланысты ІІМ мәлімдеме жасаған. Онда биыл елге 1 миллион 660 мың ресейлік келсе, оның 1 миллион 640 мыңы елден кетіп қалғаны айтылған.

Ал Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлық дәстүріне берік болуға шақырған еді.