25 қыр, 2020 сағат 09:30

10 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2020 жылы 10 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек министрлігі хабарлады.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 9,9 мың адам тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 67,2 мың этникалық қазақ оралды. 

Осы жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (59,1%) Қытайдан, 25,6% Өзбекстаннан, 8,8% Түрікменстаннан, 3,5% Моңғолиядан және 3% басқа елдерден.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (54,6%) және Маңғыстау (12,7%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент қалаларына (3,1%) қоныстанды.

«Келушілердің ішінде 60%-дан астамы еңбекке жарамды жаста, ал шамамен 5%-ы ғана зейнеткерлер. Қандас мәртебесін алғандар, Қазақстан азаматтарымен қатар, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар аясында, Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс таба алады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің көші-қон мониторингі басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов.

Айта кету керек, 2019 жылдың осы кезеңінде 9,6 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, оның ішінде 53% Өзбекстаннан, 26% Қытайдан, 21% Моңғолиядан, Түркменстаннан және басқа елдерден келді.